Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  127


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Сөйледiге санама!

1
Айтар кезде тайсалмай,
Айтар сөздi айта алмай,
Бүгежектеп,
Бөгелiп,
Негiз таппай,
Найқалмай,
Төте тартқан сұраққа
Дұрыс жауап қайтармай,
Жеткiзер ойды жiлiктеп,
Лайықты айқармай,
Қылыш жүздi қызыл тiл,
Сəйгүлiктей тайпалмай,
Көмейден ұшқан сұлу сөз,
Бəйшешектей жайқалмай,
Қанат қаққан ниетiң,
Самалға саумал шайқалмай,
Айтқаныңның табанда,
Нəтижесi байқалмай –
Мiңгiрлеуiң – шарана,
Сөйледiге санама!
2
Күйi сынық күндерде,
Биiк-биiк мiнберде,
Кекiлiктей жорғалап,
Тектi абыздай жүргенде,
Сөзiңнен бал сорғалап,
Тiлдiң мəнiн бiлгенде,
Сайрағанда көсiлiп,
Жiбек жiптей есiлiп,
Назар салып дiлдi елге,
Əуре болса, бауырың,
Айтқанды ұға алмай,
Шағылғанда тауың мың,
Қажет ол тiл кiмдерге?!
Өзiңдi теуiп өзекке,
Болған тұста боз өкпе,
Босағадан сығалап,
Ана тiл тұрса кезекте –
Оғың кетер далаға,
Сөйледiге санама!
3
Ұзын сөздiң келтесi,
Өзiңнен бастап алдымен,
Кiрiспесең бел шешiп –
Қаралы күнде қандастың,
Қайғысына ортақ боп,
Көтермесең еңсесiн.
Қағанағы қарық боп,
Қуанғанда ағайын,
Сүйемесең тең шетiн,
Айналаңа ұйысқан,
Жора-жолдас,
Туысқан,
Айтқаныңа қанбаса
Айттым деуiң далбаса.
Сiңбеген соң санаға,
Сөйледiге санама!
…Тəңiрдiң өзi таңдаған,
Əр сөзi – сурет,
Əн-ғалам,
Тiл бiткеннiң шүйгiнi,
Анаңның тiлiн сүй, күнiм!
Алды-артыңа қарама,
Осыны сіңір санаңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу