Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.06.2022
157
8-монолог
Бұрқыраған қар жауды түннен бермен,
Шырқыраған көңілімнің суретіндей.
Айқыш-ұйқыш із қалды жүргендерден,
Дала бейне дəптердің бір бетіндей.
Көңіл шіркін, əйтеуір, елеңдеулі,
Үміт,
Күдік астасқан,
Араласқан.
Сезімің де айта алмай:
«Сенем!» деуді,
Сағат сайын түнеріп барады аспан.
Күн де шығар,
Қар-дағы толастар-ау,
Беймаза күй жандағы серпілер-ді?..
Шаттығымның ауылына жол ашқан
Қанаттанып қиялым…
Тентіреді.
Бəрі өткінші,
Фəнидің бəрі жалған,
Сүйіскеннің сауабы мəңгі, бəлкім?!
Тек жақсылық күтесің əлі де алдан,
Мəңгілікті мезгейді əркім-əркім…
Қар жауып тұр:
Қалықтап,
Жапалақтап,
Көрер көзге көк жүзін тұйықтаған.
Арман қанат қағады – қаталатқан,
Маужырамас,
Қалғымас,
Бұйықпаған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter