Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.06.2022
150
6-монолог
Сүйдiңiз бе көктемнiң от демiне,
Өз басымда бар ғой бəрi,
Түсiнем…
Кiнə артпаңыз,
Қинамаңыз менi де –
Гүлдi қайтып тiрiлтейiн үсiген?!.
Неғыласыз тырнап жанның жарасын,
Алғаннан соң көңiлдердi құлатып?!
Сезiм қалған мұнар мұңда адасып,
Сiз кеткенде жүрегiмдi жылатып.
Сiзсiз ғұмыр кеше алмадым алаңдап,
Ендi оны жасырамын несiне?!
Одан бөтен болмаған соң шарам да,
Сағынышты жамай бердiм есiме.
Бiрақ оны,
Жаны тоңып ұғар кiм,
Кiм көрiптi уайымды мұншама?!
Мен де Сiздi сан ойлантқан шығармын,
Көңiлiңiздiң көкжиегiн тұмшалап?!
Өттi,
Кеттi… өрекпiген көп күндер,
Көмескi де тартып сезiм өшпедi.
…Сiздiң көз де,
Мөлдiр моншақ төктi ме,
Бейуақытта – бұрым жайған кеште бiр?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter