Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  155


Автор: Қадыр Әлімқұлов

5-монолог

Наным да көп езетұғын еңсенi:
«Екi ғашық қосылмайды» деушi едi…
Өкiнiшi өртегенмен өзектi,
Ұмытпаймын,
Ұмыта алман мен сенi!
Тағдырымның тура тиiп семсерi,
Кетсiн мейлi, мына əлем теңселiп;
Өшсiн мейлi, жүрегiмнiң алауы –
Ұмытпаймын,
Ұмыта алман мен сенi!
Қызыға да,
Қызғана да қараймын,
Мұң-мұхитқа тамшы болып тараймын.
Сен жүдеме,
Сен мұңайма алайда,
Қалма адасып арманыңнан арайлы!
Жазмыш шығар,
Ендi кiмге шағынам,
Ойлап,
Iздеп,
Аңсап өтем сағына!
Сен жылама,
Сен күрсiнбе қалай да,
Тап бола гөр бақытыңның бағына!
Қия алмаспын сырлы сазды селдеткен,
Тыя алмаспын ынтығымды шөлдеткен.
Жадырашы,
Əдiрасы мен болам,
Өзiң үшiн бəрiне де көнбеп пе ем?!
Арай болып аяласын атқан Күн,
Ендi қайтiп мазаламас батқан мұң…
Өкiнбеймiн
Өртейдi деп махаббат,
Сезiмiңнiң бал-шырынын татқанмын!
Алабұртқан алқынымды басам да,
Алғыс айтам,
Қала берiп тасаңда.
Сен болмасаң сезбес едiм бақытты,
Шарықтай бер,
Қалықтай бер қашанда!
…Ұмытпаймын,
Ұмыта да алмаймын,
Үзiлмеген үмiт болып самғаймын.
Ғашығым деп,
Асылым деп сүйiктi,
Перiштем деп табынудан талмаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу