Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.06.2022
125
Жеткізбейді өмір...
Жеткізбейді өмір,
Шілтерлеп шымқай етегін,
Өткізбейді өмір,
Жолыңа тосып жетегін.
Шақшадай басты шарадай қылам
Шырылдап,
Бір ойдан кейін…
Бір ойға шаршап жетемін.
Түсіне де алмай,
Шын мəні оның не екенін,
Арманнан ығып,
Қиялдап кейде кетемін.
Қуаныш іздеп,
Жұбаныш іздеп жүргенде –
Бір мұңнан кейін…
Бір мұңға шаршап жетемін.
Озады кейде…
Сенімнен селдір секемім,
Жерсінбей жігер кіндігін кескен мекенін.
Ізгілік іздеп ішім бір иттей ұлыса –
Сабылам сонда…
Санамды сарсаң етемін.
Қызара қояр,
Ұяттың мен бір беті едім,
Майыса алмай,
Морт сынды шындық-шетенім.
Құдайдың берген қауашақ миы менде де,
Əлемнің мұңын түгендеп шығу…
Не теңім?!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter