Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  170


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Бабалар рухын аңсау

«Келдiм.
Көрдiм.
Жеңдiм!» – деп жар салған кез.
Бүкiл Ұрым ұр-ралап қарсы алған кез,
Көкжал заман екен-ау,
Зəлiмдiк жоқ,
Құлақ қанып ерлiкке –
Тамсанған кез.
Алайықшы бəрiнiң басын ашып:
Дұшпан дүлей болғанмен,
Асылы, ашық.
Жансыздардан белгiлi жасымасың,
Өз қотырын өзi əркiм қасығасын.
Көрiп жүрмiз бiз-дағы сан сұмдықты,
Жалаңтөстен бүгiнде жансыз мықты.
Өз пайдасын ойлаған «жанашыр» көп,
Аңырайды аңсаған жан шындықты.
Дəрменiң жоқ ашықтай қарсыласар,
Ар алданған,
Тартыстың шарты қатал.
Таразының табағын нысапсыздың,
Диiрменнiң тасындай арты басар.
Түрiлгендей төбемнен түн иегi,
Тұтқасына əлемнiң кiм ие едi?!
Цезарлардың көкесi бiзден де өткен,
Даналықпен үйiрген дүниенi.
Жiгер жасып,
Шыбын жан шырқырайды-ақ,
Салт-дəстүрдi ұрсын ба ұрты майлар?!
Ары үшiн жанын да қиып кеткен,
Бабаларым көп едi…
Рухы қайда?!
Қайда рухы,
Еңсемдi көтеретiн,
Болмысымды алдым ба бөтен етiп?
Əсiрешiл,
Əдепсiз қаптап-ақ жүр,
Ұрпақ қайда мұратым өтелетiн?!
Күресiң тұл –
Кесiрдi жеңбеген соң,
Жүресiң құр – тiрлiгiң өнбеген соң.
Күрсiнесiң,
Күйесiң…
Сансырайсың –
Көкiректе шырағың сөнбеген соң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу