Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  116


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Туған елдің тұнық жанын жыр еттім...

Туған елдің тұнық жанын жыр еттім,
Ырғақ еттім дүрсіліне жүректің.
Əдет-ғұрпын,
Салт-дəстүрін ту қылып,
Тірлігімді түлеттім.
Туған жердің бір шыбығын үй еттім,
Бір ызыңын күйі еттім тілектің.
Осы елдің,
Осы жердің бір гүлін
Сыңарым деп,
Ғұмырымды сүйеттім.
Тағдыр маған талапты ұл да сыйлады,
Қазақ қылып қыз да өсірдім ибалы.
Жүдегем жоқ жеке бастың қамына,
Туған жердің тақсіреті қинады.
Қызыр келді…
Қалам берді – жосылсам,
Кешірмейді кием мені тосылсам…
Уа, Халқым!
Менде басқа арман жоқ,
Əуеніңе бір үн болып қосылсам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу