Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  109


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Гүл-мекен

Сағымға сiңiп,
Мөлдiреп,
Алыстап кеттi-ау гүл-мекен.
Селеулi қыр да селдiреп,
Жəутеңдей қарап тұр ма екен?
Өзiмнен өзiм қашқандай,
Шығандап мен де кеттiм бе?!
Сараңдау тағдыр – тас маңдай,
Өзекке сөйтiп тептiң бе?!.
Жүйткiген жылдар өктемдеп,
Қоламта қалып жалыннан.
Сағыныш сазы көп менде,
Жанарым жасқа малынған.
Бұтаңнан бұрым түйiп бiр,
Шиiңнен шiлтер тоқимын.
Арналған саған, сүйiктiм,
Жырымды толқи оқимын.
Бұлтыңның шашын тараймын,
Кəусарын сауып төсiңе.
Аңсатқан əркез арайлым,
Орала бердiң есiме.
Үйеңкiлi өзен суына,
Бiр сүңгiп қана шығар ма ем?!
Қарбалас құстың шуынан,
Мұңыңды сенiң ұғар ма ем?!
Мұндалап мөлдiр аспаның,
Аңсарым мəңгi тынар ма?!
Шөмеле шөптi жастанып,
Бiр түнеп қайту –
Мың арман…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу