Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  113


Автор: Болат Жетекбай

Әлди-әлди

Қара көзім қуанышы, мұңысың,
Ұйықта қызым, сен анаңның пірісің!
Жаппар-ием – жалғыз Алла жар болып,
Күзетеді бар баланың тынышын.
Ғайыптардан естіледі ерек үн:
– Тәтті ұйқыға батсын балдай бөбегің,
Найзағай да қашырмайды мазасын,
Тыныштығын бұзбақ емес жел оның!
Емін-еркін өсерсің, бой жетерсің,
Талай жолдан, бұрылыстан өтерсің.
Ар-иманың – арманыңның қуаты,
Хаққа сенсең, діттегенге жетерсің.
Күн нұрымен көріктенген кең өлкең,
Гүлі болып тербелерсің сен ертең!
Атыңды айтып, мейірімге бөлендім
Күліп келген көктемімсің – жан еркем!
Қара көзім қуанышы, бөбегім,
Ұйықта, қызым, бесігіңе бөледім.
Тұлымыңда сәуле болып ойнаған,
Сенің жарқын күндеріңді көремін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу