Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  134


Автор: Болат Жетекбай

Рубаилар

«Мәңгі нұр – шырақпын, тозаң боп
көрінген сырт көздерге» дедім мен.
«Барлық заттардың мәні тоғысқан мен айтқан сөздерге»
дедім мен.
Түсінбесін, мына жұрт тіпті де сенбесін, мейлі:
«Алла – менде, мен өзім – Алламын, сезгенге» дедім мен.
Бұл дүниені ұғу үшін таң-тамаша қалу керек,
Ғашық нұрын тану үшін қапасқа жан салу керек.
Сұлтан болып, үміттенсең Хақ дидарын көремін деп
Тақтан түсіп, тәжді тастап, бас азаттық алу керек.
Сені сүйдім – одан асқан азап, қайғы, не дерт жоқ,
Дүние кездім көңіл делбеп, жан жұбатар себеп жоқ.
Кез-келгенге айттым соны: сенің балдай ерніңнен
Басқа мендей ынтызарға дәру-дәрмен, медет жоқ.
Басқа жанның гүл-бағына киіп-жарып кіріп бардым,
Сұлулыққа көз арбалып, мәңгіргендей тұрып қалдым.
Еңкейіп бір лала гүлі сыбырлаумен назын айтты:
«Мәнді мезет – зу етіп тез өтер-кетер осы шағың».
Мен – мәңгі-бақимын, шегі жоқ, шексіздік ісімін.
Мен – әз жаралған, жаратқанның өз күшімін,
Мен – аспаз, танымның тостақанын толтырған
Мен – сәуле, меңгерген әр жүрекке шуақтың түсуін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу