31.05.2022
  259


Автор: Ескен Елубаев

КҮН ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Астанамыз Алматы,
Жердiң дейдi жаннаты.
Аулымыздан бiр бала
Сол қалаға бармапты.
Қала дейтiн алмалы,
Таулар екен жан-жағы.
Өзiн, шiркiн, бiр көру,
Барлық бала арманы.
Қызығамыз аса бiз,
Көремiз деп қашан бiз.
Астананы көрiктi,
Мақтаныш қып тасамыз.
Дақпырты оның қаншалық,
Тыңдап жүрмiз жан салып.
Зəулiм десе үйлерi,
Қуанамыз тамсанып.
Сондай күннiң бiрi едi,
Айтты достың бiреуi:
«Жолаушылап Қалдыбек
Алматыға жүредi».


Дедiк:
– Шiркiн, мiне, ендi,
Қабыл болды тiлегi.
Қалай ғана бақыттан
Жарылмайды жүрегi.
Тобымызбен түрiле,
Жеттiк оның үйiне.
Орындалған арманы
Қызығып шат күйiне.
Қолы жетiп төбеге,
Кердең-кердең ете ме,
Қалдыбектен мақтаншақ
Бала ауылда өте ме?!
Толған бала маңайы,
Шекесiнен қарайды.
Шашын сынық тарақпен
Қайта-қайта тарайды.
Жейде киген жайнаған,
Бəтеңкесiн майлаған.
Белiн солдат белдiкпен
Жарқыратып байлаған.
Жол жүредi!
Шын анық!
– Хал қалай? – деп сұрадық.
– Алматыға əпкеме
Барам, – дейдi қуанып.
Бəйге атындай жарауын,
Көтередi танауын,
Көзiмiзше қоймайды,
Тиындарын санауын.
Галстугiн тағыпты,
Үстiне əтiр жағыпты.
«Алматыға жол шеккен
Неткен, – деймiз, – бақытты!»


Жанында бiз – нөкерi,
Вокзалға ол келедi.
Арамыздан бiрiншi
Алматыны көредi!
Айтқанымен санасып,
Шықтық үйден жарасып.
Көтеруге сандығын
Жол-жөнекей таласып.
Бiз айтқанды ол тыңдап,
Кең костюмi қолқылдап,
Мiндi жүрдек поезға...
Бiр тынбаймыз қол бұлғап.
Ол да қолын бұлғайды
Бiздiң қол да ыңғайлы.
Iшiмiздi қызғаныш
Итше келiп тырнайды.
Жолын санап келетiн,
Əңгiме айтып беретiн.
Күндi күттiк асығып,
Қалдыбектi көретiн.
Келдi бiр күн,
Келдi деп,
Алматыны көрдi деп,
Жеттiк оған,
Естиiк
Əңгiмесiн ендi кеп.
Қарап тұрсақ көзiне,
Өзгерiс бар өзiнде.
Бойы да өскен сияқты,
Тым салмақты сөзi де.
Əңгiменi ол бастады,
Бiздi ұйытып тастады.
Тыңдап тұрмыз ынтығып,
Ұмытқанбыз басқаны.


Бiздiкi оны мақұлдау,
Оғаш мiнез шақырмау.
Болса-дағы басынан
Өтiрiкке жақындау.
– Көп, – дедi ол алманы, –
Бiр-бiр кило салмағы!
Шекесiнiң сол себеп,
Бiрде iсiп қалғаны...
Ең бiр қызық бiлгенi:
– Нағыз ғажап бұл, – дедi.
Батыс жақтан атады,
Алматыда күн! – дедi.
Айтқанына көнуге,
Басты изей беруге,
Болады ма сенуге?
Болмайды тек кеюге.
Бiз де тыныш тұрмаймыз:
– Бұл айтқаның ыңғайсыз.
Күн шығыстан атады,
Дедiк:
– Көкте күн жалғыз!
Мəмiлеге ол келмедi,
Бетпақтанып көнбедi.
– Алматыға бар-дағы,
Сенбесеңдер, көр! – дедi.
Түйдiк тағы қабақты,
Шығардық бiз шатақты.
Тақтық содан өзiне,
«Суайт» деген атақты...
Көп жыл өттi арада,
Бiз де бардық қалаға.
Қалдыбектiң айтқаны
Келедi екен шамаға.


Алғаш рет көргенде,
Айнала ма басың да.
Күн,
Батыстан атқандай,
Болды екi-үш күн, расында!!!
Өте қатал екенбiз,
Кiнəлаппыз бекер бiз.
Қалдыбектi сол кезде
Босқа «суайт» дегенбiз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу