Әңгімелер ✍️
Қырсызға қамшы сілтеген...
«Жазушы» баспасы, 1980 ж.
Сейіт Кенжахметов – қолына қалам ұстағаннан бері әзіл-оспақ, сын- сықақ өлеңдер мен әңгімелерді, мысқыл мен мысалдарды өндірте жазып келе жатқан ақын, өзі жазғандай, аш күзендей бүгіліп, фельетон іздеп жүгіріп, табан тоздырып жүрген сатира сарбаздарының бірі. Қырсыздыққа сілтеген қамшысы қырық кез ұзарып кететін сықақшының «Ел құлағы елу» деп аталатын тағы бір сатиралық жинағы жуырда қолымызға тиді.
Жаңа жинақ ұзын-ырғасы елуден астам сықағы бар, мысалы бар екі бөлімнен тұрады екен. Оның ішінен «Ыңқырап,... іңкіреп», «Ержеткен ене», «Беташар», «Өткелек», «Сіз бен біз», «Жаза», «Қой мен ой», «Сүйек жұту», «Қырсызға қамшы» және басқа сол сияқты уытты өлеңдерін сүйсіне оқыдық. Маскүнемдік, тоғышарлық, бюрократтық, салақтық, пай- дакүнемдік, арызқойлық, мәдениетсіздік тәрізді қоғамымызда әлі де бол- са арагідік кездесіп қалатын кеселдерді келеке етіп, келемеждейтін бұл өлеңдер көркемдік дәрежесі мен өткірлігі жағынан ерекше көзге түседі. Мәселен, «Ер жеткен ене» деген өлеңінде автор ата-ананы, қарт кісілерді сыйлауды білмейтін кері кеткен келін мен ұлды диалогтар арқылы сынға алса, «Ыңқырап... іңкірепте» жастық шағын маскүнемдікке салып, еңбектен бойын аулақ ұстап, жатыпішер жалқаулыққа ұрынған жұқсызды әжуалайды. «Түртпекіл ойынында»:
«... Шарты: өзімізге жақпайтын, Түбі басымыздан аттайтын Біреуді түрту керек, Анығын айтқанда – құрту керек. Кім қатардан асып барады.
Кімнің салмағы басып барады?» – дей келіп, өзгенің өскенін, еңбегі жанғанын көре алмай, өсек-аяң тарататын ішітарларды, жалақорларды, пәлеқорларды, арсыз арызқойларды әшкерелейді, аяусыз шенейді. Ал,
«... Болғым келеді» деп аталатын өлеңінде сықақшы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді қалайтын, оңай өмір сүруді көксейтін жандардың бетпердесін сыпырады. «Бір қақпайларында» да ақынның тапқырлығын көреміз.
- Тойға кім барады?
- Мен!
- Қойға кім барады?
- Сен!
деген жолдарда уытты мысқыл бар.
С. Кенжахметов – сонымен қатар мысал жанрында да жемісті еңбек етіп жүрген жазушы. Мұнда да еріксіз езу тартқызып, мырс еткізетін тұстарды көптеп кездестіруге болады. Күнделікті тіршіліктегі кейбір көңілсіз көріністерді жан-жануарлардың қимыл-әрекеті арқылы астар- лау мақсаты көп жағдайда мұратына жеткен деп айтуға болады. Мыса- лы, «Тәрбиеші текеде» ешкі атаулыны өзге жануарлардан жоғары қоюға тырысқан текенің:
«... Мал ішінде есті Кәдімгі Ешкі.
Себебі оның сақалы бар. Адамның «қойды серке бастайды» деген әптеритетті мақалы бар» деуі еріксіз күлдіреді. Ал, «Бөлісу» деген мыса- лында театр жұмысындағы шалағайлық келеке етіледі.
«... – Барыс деген батыр аң, Қоян, сен бұған қалай қарайсың?
- Қа-қатырам!...
... Сиыр боп мүйізі бар Киік барды. Аю да құр қалған жоқ, Тышқанның рөлі тиіп қалды».
«Тұздығы» келіскен, татымы тәуір дүниелер ретінде сонымен бірге өзіндік тағылымы бар «Бүйі», «Ауыз», «Баян», «Кімге қалай» сияқты мы- салдарды атап өткен жөн.
Дегенмен, жинақта сатириктің сын садағының адырнасын босатып алған, жебесі сілтеген жеріне жетпей қалған тұстары да жоқ емес. Кітапта- ғы кейбір өлеңдердің соңғы түйіні көбінесе өлеңде айтылып болған ойды қайталайды, «мұны былай түсіну керек» деп тұрғандай. Мысалы, «Тәуіп- қауіпті» алайық. Мұнда тәуіпшіліктің қауіпті екенін өлеңнің тақырыбы бір айтып тұр, мазмұны екі айтып тұр, түйіні – тағы айтып тұр. Осы пі- кірді «Ажарынан бұрын...», «Құпия мәжіліс», «Бұл кім?», «Мас пен тас» туралы да айтуға болады.
«Парақордың паршасы» деп аталатын өлеңде күлкі жағы жұтаңдау, сатиралық элементтер тапшы.
«– Кімсің?
- Қияспын.
- Қайда барасың?
- Сотқа барам.
- Неге?...» – деп Бейімбетше басталғанымен ұйқас жағы ескеріл- мей қалған. Жалпы, жинаққа кірген шығармалардың ішінде кітапты төмендетпес үшін енгізбей-ақ қоюға болатын, бір қайнауы ішінде қалған өлеңдер мен мысалдар да кездеседі. Атап айтқанда, «Әлі уақыт бар ғой»,
«Ебіл мен Себіл», «Ажалынан бұрын...», «Арызқойдың амандық хаты»,
«Айталтақ» деген сықақтарда солғындық бар. Ал, «Рецепт», «Есеп дос»,
«Ән бәйгесінен» ой жаңалығы байқалмайды.
Бұл айтылған сын-ескертпелер жалпы алғанда жинақтың көркемдік құндылығын түсіріп тұрған жоқ. «Ел құлағы елудің» оқырман қауымның көңілінен шығарына, тұрмысымыздағы көріксіз көріністерге шоқпар боп тиеріне еш күмәніміз жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter