Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  116


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Төрешілдік

Кеңседе курорттай-ақ керілесің,
Жауапқа жалғыз ауыз ерінесің,
Жастанып, телефонды, жайғап бəрін,
Құқайлап бая-шая еліресің.
Су жетпей қарап жүріп танауыңа,
Аһлап бостан-босқа сөгілесің,
Болса да тындырымды бір ісің жоқ,
Тек өзің істегендей көрінесің,
Топ құрған гу-гу өсек төңірегің,
Сиырдың бүйрегіндей бөлінесің,
Шақырып руыңның аруағын,
«Пəленшем, түгеншем» деп егілесің,
Өрекпіп арқаланып жүргендігің,
Жоғарда бар: жебеуші-бөрілесің,
Біріңді - бірің қолдап, қырық шатыс,
Топтанып шырмауықтай өрілесің,
Алдында «үлкендердің» кəукелектеп,
Жорғадай жорғақ қағып төгілесің,
Ықтырып қаһарыңмен төменгіні,
Менсінбей еш қайсысын, жерінесің,
Басыңнан сөз асырмай мініңді айтса,
Кек сақтап қыр-соңынан берілесің,
Жаныңа жағымпаздан жасақ жиып,
Қыспақтап турашылдан безінесің.
Басқаны мəлім сенің елемесің,
Өзіңді қолпаштатып, кенелесің.
Түсінбей дал боламын, осығұрдай,
Сен өзің Құдайсың ба, неменесің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу