Өлеңдер ✍️
Саңлақтар мен қаңбақтар
Сырымды айта, жарылып бір ағынан,
Хас саңлақтар, өздеріңе табынам!
Ащы термен табақтас боп араңда,
Жалғандық та жүргеніне шағынам!
Артық айтсам, кешіріңдер саңлақтар,
Кезің келді саңлақтықты салмақтар,
Цифрлардың дауылына айдалған,
Қатарыңда көбейіп жүр «қаңбақтар».
Отырғам жоқ бəрін жоққа шығарып,
Отырғам жоқ бəрін жəне құп алып,
Мен, жасанды «ерліктерге» сенбеймін,
Алақайлап жүрсем дағы қуанып.
Олар үшін - түкке тұрмас қамалың,
Тауып алған «саңлақ» болу амалын,
Гектарынан он тоннаның орнына,
Елу тонна картобыңды алады.
Олар үшін - шақтау қиын шаманы:
Он бес сиыр жиырма бұзау табады,
Орта есеппен бір сауында-ақ селдетіп,
Он литр сүт сарлық басы сауады.
Олар үшін, озу ғана - керегі,
Барын сала бақталасып көреді,
Жүз саулығы - қозы тауып жүз отыз,
Əрбір қойы төрт кило жүн береді.
Ғажаптар көп десек тағы ғаламда,
Талып қала жаздап жүрміз табанда,
Жалғыз жылда ісін істер бес жылдың,
Біле алмадық: робот па, адам ба?
Қандай ғылым? Құдіреті бұл ненің?
Ақиқат па, аңыз ба əлде, білмедім?!
Алайда, осы бəсекеде жасырман,
Көңілімде бір күдіктің жүргенін.
Бұл деңгейге, шынымен-ақ жеттік пе?
Күмілжиміз...
Сөз аяғы көп нүкте,
«Саңлақтықты» ұрып ап жүр тымақпен,
Сүйенгендер байлық пенен көптікке,
Додада осы талай жүйрік бұрлықты,
Көріп жүрміз шет-жағасын сұмдықтың,
Алдын бермей Жылпостықтың жирені,
Шаң қауып жүр боз шолағы Шындықтың.
Дерсің бəлкім: «Байқап сөйле, ау бала»! (Түскім келіп отырғам жоқ дауға да).
Не қасиет қалар дейсің егерде,
Саңлақтықты айналдырсақ саудаға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter