Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  129


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Кездесу

Сол жылдары:
Өрімтал аққұба қыз көзі күлген,
Өлгийдің көшесінде кезігіп ең...
Бүгіндері:
Жолығам деп жоқ еді ойлағаным,
Жараламай жанымды қой, қой Жаным!
Қайдан жүрсің, қайдан жүрсің, қарағым!
Жүрегімді елжіретіп қарадым,
Өтіп кеткен көп жылдарға үңіліп,
Мен дір етіп қарадым.
Лапылдатып шарпып бойды бір екпін,
Өн бойымды тоқ соққандай дір еттім,
Көкіректе сауытынан бұлқынып,
Шығып кете жаздағаны-ай жүректің.
Болғаннан соң өз бұлағым, өз бағым,
Жемісті аңсап, жетпеске қол созбадым,
Тұнып жатқан қарасу ем, тас атып,
Шолп еткізіп айдынымды қозғадың.
Ең əуелі көзім түсті сырғаңа,
Дір-дір еткен, құлағыңда бір жаңа!
Сырғаң жаңа... Қайда бірақ сымбатың,
Əжімді жүз қашқақтайды сұрлана,
Баяғыдай қарамайды ұрлана.
Құлазиды көңіл-бейне құла дүз,
Əлдеқашан ұмыт болған бұл аңыз...
Кездескенде жандардай-ақ бейтаныс,
Бас изесіп үнсіз өте шығамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу