Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  130


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Мойындау

Ғұмыр өтіп барады, мен не дейін,
Өкінейін аһ ұрып, дөңгелейін.
Еш алаңсыз келемін,
о бетім-ай,
Тағы жүз жыл жасайтын пендедейін.
Ақын деген қойсаңшы бұл ынжықты,
Атой салмай, міңгірттеп үнім шықты.
Таңдайланып қанша рет таңым атып,
Тамырланып қанша рет Күнім шықты.
Жетегінде жел- ғұмыр сүйрелгем жоқ,
Сүбеленіп бірақ та күйге енгем жоқ.
Аз күймеді ауызым мына менің,
Ұрттап ішіп сонда да үйренгем жоқ.
Жоқ: даңқым, артық білім, атағым да,
Ұрпағы емен аруақты атаның да.
Желіксіз, қарапайым бір ұл болдым,
Шақ қана өз бойыма шапаным да.
Алдау етіп бірдеме-бірдемені,
Сүйреп келе жатырмын бір денені.
Күйкі тірлік күймеге жегіп қойды,
Бостан-босқа кінəлап жүрме мені.
Суыра алмай қанжар сөз-алмасымды,
Айыра алмай көп жүрдім алдашымды.
Білмей келем əлі күн, жалтақтаумен,
Кімге нанып, ал кімге нанбасымды?
Пір тұтуға тірі не өлі жанды:
Бірі - алдамшы, бірінің - қолы қанды...
Уəжіп қып əмірін тəубе ететін,
Патшалық та ойыншық болып алды.
Бұл ғұмырға зырлауық мен не дейін,
Алды-артыма қаранып жөнделейін,
Қалай ғана алаңсыз жүріп келгем,
Мəңгі бақи өлмейтін пендедейін!
...Бір даңғаза əуенді малданып қап,
Көп жүріппін алдап та, алданып та,
Өкінермін, кешермін өзімді-өзім,
Не бетімді айтармын, ал халыққа?!
Кеше ғана желпілдеп аңқылдағам,
Таңдайымнан тəтті сөз жалтылдаған.
Өз үнімнен шошимын сол кездегі,
«Коммунизм, міне!»-деп саңқылдаған.
Ұрандадым, былайша шалықтадым:
«Жылдамдықпен космостық шарықтадым»...
Түйме жасай алмайтын қалде екенмін,
Бүгін ғана осыны парықтадым.
Жұртта қаппын жұрдай боп, мойындадым,
Қуанышым-бір күндік тойынғаным,
Бүгін ғана аңғардым саным соғып,
Сан қасиет бойымнан жойылғанын.
Ағайын, айтты деме, жоқты мына,
Қарнымның көп алдандым тоқтығына.
Нəубəт боп «Қызыл мизам» деген пəле,
Жабысты жетпіс жылдай шоқтығыма.
Медеу қып: тыныш өмір, бас аманын,
Аллаға құлшылық та жасамадым.
Мəжбүр қып дін иманнан жырақтатқан,
Заманның ағымынан аса алмадым.
Тілім-таза, салтымды күтіп келдім,
Мəжбүрліктен дінімді ұмтып келдім.
«Патшаң шайтан болса да - əмірін тұт»,
Дегеннен соң əмірін тұтып келдім.
Өзгенікін екі етіп қайтармадым,
Өзімдікін елемей қайқаңдадым.
Мысыр,Үрім тарихын жат білсем де,
Жеті атамды түгендеп айта алмадым.
Кешірсең де, өзің біл тілдесең де,
Табындым талай-талай «Күн көсемге»,
Пирамида тарихын оқып өстім,
Бабам басы қай жерде, білмесем де?
Тəуап етіп өзгенің осалына,
Табынбадым өзімнің ошағыма,
Су мұрынын біреудің сұлу көріп,
Сүйінбедім сүмбілдей қосағыма.
Жаттамалы бір ізден жазбаппын ғой,
Мəңгүрт болып кетуге аз қаппын ғой.
«Ел дегенде елбіреп...» еліктеумен,
Өз отымды өшіре жаздаппын ғой!
Айта алар ма төр тола Төрелерім:
Менің əлі белгісіз не көрерім?
Алғы күнге зымырап барам десем,
Алынбапты-ау тұсауым, өрелерім.
Шыр айналып шындық бір келеді екен,
«Ауруын жасырған өледі» екен.
Жарқылдаған ұрандар қош аман бол,
Менің «коммунизмім» бөлек екен!
Жоғалтқаным көп пе деп тапқанымнан,
Сөндіргенім көп пе деп жаққанымнан.
Күдіктене қараймын көмес ізге,
Көңіл толмай ісіме атқарылған.
Тірі де емен жəне де өлгемін жоқ,
Берерімді халқыма бергемін жоқ.
Шаранамды кебінге айырбастап,
Кету үшін өмірге келгемін жоқ!
Ғұмыр өтіп барады, мен не дейін,
Өкінейін аһ ұрып, дөңгелейін.
Еш алаңсыз келемін,
о бетім-ай,
Тағы жүз жыл жасайтын пендедейін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу