Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  230


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Он сегізге наз

Қарақаттай көзіңнен нұр жанып бір,
Шыға келсең көшеге қырланып бір.
Айналайын, он сегіз, көп қараймыз,
Ар жағынан отыздың ұрланып бір.
Дей көрмеңдер: «Қарай гөр дəмесіне!, «Көзін сүзген тамсанып жемесіне»,
Көңіл деген шақпылап сіз жақта жүр,
Шықсақтағы өмірдің белесіне.
Еске түссе қызу шақ, қызынамыз,
Аяқ асты бұлттаймыз, бұзыламыз.
Басымыздан он сегіз кешпегендей,
Қызғанамыз, сендерге қызығамыз.
Он сегіздер! Алаулар, от жалындар,
Бір дəт айтам, жарқ етіп тоқталыңдар.
Біз қарасақ, қараймыз сендерге емес,
Балауса сұлулыққа-деп таныңдар!
2-өлең
Бұрмай ма екен мойынын бұра ма екен,
Құрмай ма екен бір сауық құра ма екен.
Көбелектер көлбеңдеп көп торып жүр,
Жанып тұрған қай жанның шырағы екен.
Көп қымсынба, қарағым, томсырайып,
Əзілдесіп бері отыр, жөн сұрайық.
Келіп қалдық біз дағы қатарыңа,
Ар жағынан отыздың омсырайып.
Қуыстанып мысың бір құрады екен,
«Сіздікі не» дей ме деп тұрады екен.
Не қалжыңың, не жөнің қиюласпай,
Құдай сөйтіп төбеңнен ұрады екен...
Он сегізді басыңнан атқарарсың,
Бұрқыратып сен де əлі-ақ кеп қаларсың.
Сонда ғана бұл күйді бастан кешіп,
Қимастықпен артыңа көп қарарсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу