31.05.2022
  150


Автор: Ескен Елубаев

ҚЫЗЫЛҚАЙНАР, КӨКСУ

Екi бала танысты,
Жөн сұрасып қалысты:
– Əй, сен қайсы жерденсiң?
– Өзiң қайдан келгенсiң?
– Келдiм алыс жайлаудан,
Сонау Қызылқайнардан.


– Көксуданмын мен онда,
– Танысайық, кел онда.
– Қызылқайнардан болғанда,
Қып-қызыл ма суы оның,
Атын содан қойған ба?..
(Өтiрiктi айтудың
Келiп қалды ретi.
Бөспелердiң айтулы
Ауылдағы ол бiрi едi.)
– Қызылқайнар деп халық,
Қайнарға ат жай бермеген.
Суы қызыл,
Көр барып,
Сенбейдi ешкiм көрмеген.
Аламыз да шишаны
Қайнар жаққа келемiз.
Су құйып ап, мысалы,
Сурет сала беремiз...
Кейде апамыз бұлаққа
Жейдемiздi жуады.
Аппақ жейдең
Сол кезде...
Қып-қызыл боп шығады.
Сөздiң келiп кезегi
Екiншi айтты:
– Көксуда
Бар ғой Көксу өзенi,
Сен естiген жоқсың ба?..
(Өтiрiктi бұл-дағы
Сапыратын судай қып.
Соқты,
Қарап тұрмады.
Өтiрiктi шындай қып).
– Көксудың бiз
Суына
Қалам малып жазамыз.
Сия iздеп, əуре боп,
Кетпейдi еш мазамыз...
Өтiрiктi екеуi
Өстiп судай сапырды.


Жеңiсе алмай,
Əйтеуiр,
Бiрiн-бiрi қатырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу