Өлеңдер ✍️
Өткел
Өзен бойлап дүрсілдетіп, іздеп жүрсем өткел бір,
Су алып тұр қыр аруы қарақат көз мөп-мөлдір.
Сəлем беріп ізетпенен, иіле кеп бір адым,
Алты ай қақтан оралғандай бір жұтым су сұрадым.
Іліп алып шелегінен ұсынды қыз наздана,
Жұттым келіп,
о, басым-ай, «шөлден» өле жаздаған.
Мөп-мөлдір су, қыз жүрегі онан да өткен пəк пе екен.
Тəп-тəтті су, қыз қарасы онан да өткен тəтті екен.
Жарқ еткен бір жанарының өз жанымда нұры қап,
Кете барды кербез басып, қос шелегін іліп ап.
Кете барды, көкіректе сұлулықтың күйі қап,
Шелегіне су емес-ау, төзімімді құйып ап!...
Түсім бе əлде... жүрек тулап, зырқ-зырқ етті, ой, шекем,
Құрғыр өткел, табылмаса, табылмай-ақ қойса екен!
Құдай-қонақ уақыт қой...мазалайды шатақ ой,
Ей, табақ күн, күтсең мені,- батсаң, барып бата ғой.
Өткел қайда қашар дейсің, бұрдым кері ат басын,
Тапсам-ау деп, ашсам-ау деп ару жүрек қақпасын...
* * *
Кезігемін сан тосқауыл, күніне сан өткелге,
Япыр-ау, жігіттікке жеткем бе?
* * *
Сен жымисаң, көз алдымнан өтеді,
Көлбең қағып пері бақыт ертегі.
Жадыратып жіберуге əлемді,
Жалғыз рет езу тартсаң жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter