Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  117


Автор: Марат Нұрқалиев

Қарғыс атқандар

Біздің совхоздың директоры
Еңгезердей ер кісі,
Қалай болғаны белгісіз,
Шопандардың тойында
Әзіл-қалжың, ойынға
Шөлмегі шарт сынып,
Сыр беріп қойды нервісі.
Басшыға мұным жат-ау демей,
Үлкен-кішіден ұят-ау демей,
Көрші совхоздың директорына
Қардай боратып қарғысты,
Жата келіп жабысты:
– Арақты грамм да ішпейтін,
Алдап-арбауға түспейтін,
Сұмдықты сондайдан сезетін,
Парадан безгектей безетін,
Жарылқап-жебеуші күштіңнен,
Обшым, ешкімнен
Қасқайып қаймықпайтын
Тексеруші келсін үстіңнен!..
...Ананың да беті бетон екен
Басы қақшаңдап,
Езуі көпіріп кетеді екен,
Екі мықынын таянып ап,
Қалған жоқ ол да аянып-ақ:
– Ешкіңе кебенек келіп,
Қойың қырылуға тақау қалғанда,
Сиырың аусыл тиіп,
Жылқың сақау болғанда
Зоотехнигің мен ветврачың
Курорттан қайтпай жатып қалсын,
Ауданнан шыққан көмек
Жолда батпаққа батып қалсын!
Сөйтіп сендей сұмырай
Орнынан алынсын! – деді...
* * *
Ал былайғы жұрт:
– Айтқандарың періштенің
Құлағына шалынсын! – деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу