Өлеңдер ✍️
Есірген ерке
Тойтақ онжылдықты бітірді,
Сол күні жатты да құтырды.
Шөлмек-шөлмек шарапты
Өңештен ары жытырды.
Кебістей езуіне темекі
қыстырып,
Тісінің арасынан
Шырт-шырт түкіріп,
Қолды сермеп оңды-солды,
Кәдімгідей жігіт болды,
...Бір албасты көрінгендей
көзіне,
Мұғалімге жармасты ол
Сабақ берген өзіне.
– Көзімді «екіліктен»
аштырмаушы ең,
Сол үшін сені
жақтырмаушы ем.
Талай рет
Педсоветке сүйрегенің есімде,
Жұрт алдында улы тілмен
Түйрегенің есімде!
Осы тұрған жеріңде
Мұрныңды бет қылайын ба,
Бетіңді котлет деген
ет қылайын ба! –
Деп Тойтақ
Жұдырыққа ерік берді,
Сол сәтте
Милиция жетіп келді...
...Шал мен кемпір
Сот алдында жылап отыр,
Көздің жасын бұлап отыр:
– Біздей алжыған пақырлардың
Батасын алыңдаршы!
Анау жалғыз жүгірмекті
Босата салыңдаршы!
Еркелеу боп өсіп еді азырақ,
Жалғыз еді
Жан дегенде тентек бұл...
* * *
Ұстазына қол жұмсаған ақымақ
Өздерін де
Ұрмасына кім кепіл?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter