Өлеңдер ✍️
Құтылды да ұтылды
Төрт Доңғалақ Машинаға
Тормоздың үстінен шағым түсірді:
– Мына бүйідей пәлеңіз
Бүйірімді ісірді.
Бүйте берсе өлеміз.
Соңғы кезде жиі есіретін болды,
Тіпті қабырғамыз қақырап,
Өкпеміз тесілетін болды.
Тормоз бізге сүйкенеді,
Ал Покрышка байғұс
Бажылдап барып,
Тасқа үйкеледі.
Қазір оның жотасы жауыр,
Жүйкесі жұқарған, халі ауыр.
Жағдай осылайша қала берсе,
Ол бізді аяқтан шала берсе,
Біздің күніміз оңбайды.
Шұғыл шара
Қолданбай болмайды.
Сол неменің
Негізінде ақылы кеміс,
Не Сізге деген пиғылы теріс.
Қойғанша мазақ еткізіп,
Мұндай кесір нахалды
Металлоломға өткізіп,
Кұртатын кез тақалды!
Қысқасы, одан жеріңіз,
Не бізге рұқсат беріңіз! –
Дегенде
Машина қатты қысылды.
Амалы кұрып, Тормозға
«Өз еркімен»
Өтініш беруді ұсынды...
...Содан Тормоздан құтылып,
Құтырып,
Сайран сап жүргенде,
Қырдан қарғып,
Ордан орғып,
Ойран сап жүргенде
Машина аударылып оқыстан,
Бір-ақ шықты қоқыстан!
...Анадай жерде
Біреу мырс-мырс күліп жатты.
Оның Тормоз екенін
Бұлар біліп жатты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter