Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  121


Автор: Марат Нұрқалиев

Басыңызға келмесін

Кезегіміз келіп,
Жаңа пәтер алып қалғанбыз,
Алғаш кіргенде
«Кемпіріміз» екеуіміз
Есіміз ауып, талып қалғанбыз.
Бақандай бес бөлмелі,
Балконы бар күншығыста
Сондай әсем өрнегі.
Арман болған қашаннан
Барлық жағдай жасалған:
Газбен жағар пеші бар,
Бумен жылитын жүйесі бар,
Шүмектерден ыстық су,
Суық суың саулайды.
Тура кинодағыдан
Аумайды-ау, аумайды.
Содан,
Ай жарымдай өтпей жатып,
Бойымыздан қуанышымыз
Кетпей жатып,
Деп жүргенде бақ қонды,
Мынадай бір пәлеге
Тап болдық.
Шүмегімізден бір апта бойы
Ыстық су ағып,
Бір апта бойы
Суық су ағып,
Кезектесіп тұр еді,
Ақырында
Екеуі де құрыды.
– Бірдеңесін құртқансың,
Түк білмейтін наданым! –
Деп, әйелім маған,
Мен оған кінә тағамын.
Тіл-ауызсыз тұра ма енді,
Жөндеушіні
Шақыртуға тура келді.
Ол сабазың
Он күннен соң әрең жетіп,
Туған әкеміз келгендей
Мәз-мейрам боп сәлемдесіп,
Сосын
Мұңымызды шаға бастап едік,
Ол:
– Мәселе сәпсім басқа! – деді.
Шүмекті олай бір бұрады,
Былай бір бұрады,
(Білгеннен соң, әрине,
Әйтпесе, бұрап қайтсін!)
Сөйтті де,
Тоқетерін бір-ақ айтсын:
– Кеміс екен бір тетігі
Содан ба деп қауіптенем.
Таптырмайтын нәрсе, тегі,
Былай... нетсең,
Тауып берем,
Өйтпесе, кетем! – деді.
Мен:
– Нетем! – дедім.
Ымға түсінбегенің –
Дымға түсінбегенің.
Жөндеуші
Үш сомдықты жымқырып,
Жымиып, күліп кетті,
Шүмектен су жүріп кетті...
Содан тағы бір күні
Шүмектен су іркілді.
Тағы да бір жөндеуші һім! – деп,
Желкесін қасып тұрды,
Ал менің құтым қашып тұрды.
– Нетсең... нетейін, – деп,
Ақырын емеурін таныттым.
Жымың етті жарықтық!
«Бастан құлақ садақа»,
Тағы бір «үшті» басып жібердім,
Жөндеуші суын сарылдатып,
Шүмекті ашып жіберді...
...Сода-а-ан тағы бір күні
Шүмектен су іркілді.
Тағы да бір жөндеуші
Тұнжырап,
Танауын шұқып тұрды.
Сол-ақ екен:
– Нетсең, нетем! – деп
Ұшып тұрдым...
* * *
Сіз, мейлі, аяңыз,
Мейлі, күліңіз.
Осы көрген күніміз.
Нетіп жатқан,
Тойст,
Жүріп жатқан түріміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу