Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  164


Автор: Марат Нұрқалиев

Спорт жайлы дау болғаны

Жиналыста
Спорт жайлы дау болды,
Мінбеге шығардық Таужолды:
– Әу, жолдастар, жолдастар!
Біз де ілгері басайық,
Ауыл спортына
Аршынды қадам жасайық!
Спортқа бейім жастар көп,
Тек соған дұрыс бастау жоқ.
Мәселен, мына Мұқаш –
Былғары қолғап құдайы.
Ал анау Бұқаш
Доп қуып жүреді ұдайы.
Сол сияқты Опырбай
Арбаны жүгімен сүйретеді,
Белдескеннің, апырмай,
Қабырғасын күйретеді,
Жылқының бар асауын
Жалғыз өзі үйретеді.
Ана жолы ішіп алып,
Бүкіл ауылды
Қырып кете жаздаған.
Оған шөйт-шөйт жаттығар
Жағдай болса аздаған...
Обшым,
Талаптылар толып жүр.
Тек бастығымыз Кұбыш
Мұны кейін қойып жүр, –
Деп, Таужол сөз сөйледі,
Кемшілікті жіпке тізіп,
Көп сөйледі.
Одан соң шыққан Құбыш:
– Жолдастар, бәрі дұрыс.
Бірақ соны кім ойнайды?
Ойнасақ,
Жұрт не ойлайды!
Футбол қусақ егер де,
«Мыналар жұмысты қойып,
Доп қуып жүр» демей ме?!
Ал пішен болса шабылған жоқ,
Қоралардың төбесі
Жабылған жоқ...
Вот, достар,
Бізге керегі – жоспар.
Спорт дегенді қояйық,
Одан да орын алған
Кемшіліктерді жояйық!
Келер жазда көрерміз,
Оған көңіл бөлерміз...
* * *
Иә, осындай дау болды,
Спорт – шаруашылық үшін
Зияны көп «жау» болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу