Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  140


Автор: Дина Төлетханқызы

Ата мекенге сыр

Атажұртқа табынам тірегенде
Шырқап салғым келеді бір өлеңге.
Сол шырқағым келетін шерім шығар
Ақ табанда адасып жүдегенде.
Қайран менің қайратты бабаларым
Тұлпар мініп жетелеп қара нарын
Азияның даласын шарласа да
Қалдырмаған киелі шаңырағын.
Мекенінен адасып сан қыр асқан
Бабалардың ер жүрек даңқы дастан
Жерін қорғап қатігез қарақшыға
Қайың шоқпар үйіріп қарсы шапқан.
Ана тілім – тасыған жыр аңғарым
Домбырасыз білем бе мұраң барын
Бабалар ғой баяғы бағындырған
Мұз жотаның мұзбалақ қырандарын.
Күңгей күзеп, жон қыстап шет жайлаған
Жер суларың жоқ шығар ат қоймаған
Арасанға, əулие бұлақтарға,
Əр тасына аялап ақ байлаған.
Жер емшегін иітіп азық еккен
Тағдырына тауларды қазық еткен
Келер ұрпақ атасын танысын деп
Тарихын да тастарға жазып кеткен
Алты қырдың астында əні қалған
Ата-бабам ойы асыл сөзі маржан
Ата-жұртым сағынып ата салтын
Бір қызыңмын қиырда көзі талған.
Ата мекен қымбатсың бар асылдан
Қыз болсамда жат жұртқа жаратылған
Атажұртқа елеңдеп тымшымайды
Арманымның тұлпары таң асырған.
Жұдырықтай жүрегі түсінген сыр,
Аққу көлін аңсаған құсым деп біл.
Өз анасын аңсаған ботақандай,
Ата-мекен шықпайсың түсімнен бір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу