Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  117


Автор: Қайырбек Кемеңгер

Атамекенге

Арманым асқақ – Астанам қайда?
Жататын жеке баспанам қайда?
Ғылыми жұмыс бастаған қайда?
Білмеймін, бəрін тастағам жайға.
Арманның отын өшіргенім бе?
Ауылын алшақ көшіргенім бе?
Үміттің гүлін өсіргенімде,
Тағдырым, мені кешірмедің бе?
Ұқпай-ақ қойдың жайын баланың,
Қайғыдан қажып, уайымдағанын,
Түсінбей талай мойындамадың
Менде де талант бойымда барын.
Мен үшін ақ таң атар екен бе?
Көкшені көп жыл шаһар етем бе?
Керексіз болып жатар екем бе,
Оралған кезде Атамекенге?
Жұртымнан жырақ жатпайын деп ем,
Салтымды таза сақтайын деп ем,
Үмітін елдің ақтайын деп ем,
Жүрісті мына мақтайын немен?
Мерейім өсіп мерейіңменен,
Атажұрт, саған келейін деп ем,
Барымды саған берейін деп ем,
Бəрін де сосын көрейін деп ем.
Қазақстанда тумасам-дағы,
Қазақстанда өлейін деп ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу