Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  169


Автор: Сəтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Жандауыс

Жайсам болды бүкіл əлем картасын,
Мен сендерге алаңдаймын қандасым.
Атамекен арман болып тұрғанда,
Тілді сақтау, ұлтты сақтау арға сын.
Шынжаң жақтан шырылдайды талай үн,
Тұла бойым шымырлайды, ағайын!
Аспанасты жұтып жатыр жұртымды,
Қалай ғана мен де бейқам қалайын?
Анау жақта құрыды-ау деп бір қазақ,
Жүрегімді кеміреді күнде азап.
Туған жерде мен жетісем несіне,
Жүрмегесін қандасыммен бірге азат!
«Болса-дағы жүз қулығың, мың айлаң,
Сен алысқа бара алмайсың түбі ойлан!»
Билеп алып илеуіне көндірген,
Алып елдің бір-ақ сөзі: «қытайлан!»
Одан кейін...
Айтпай-ақ қой аржағын,
Шошынамын,
Қарауытты жан-жағым!
Қысықкөзден мысық тілеу сығалап,
Қойынына жасырады ол қанжарын!..
Əлденеден қысылғандай бүйірім,
Өз елінен күтіп жүрген мейірім.
Қандасыма жіберсем-ау тым құрыа,
Мынау туған топырақтың түйірін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу