Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  121


Автор: Құлғалиева Əсел

Тіл туралы толғаныс

Көңілімді күпті ойлар қамады,
Мен бір жанмын түгесілген амалы.
Бар ұққаным, түсінгенім бұл заман –
Пысықтар мен пасықтардың заманы.
Сеніміме селкеу түсіп барады,
Неге біздер сілкінтпейміз сананы.
Қазақпыз деп, азатпыз деп жүргенмен,
Тілің кетсе түрің ғана қалады.
Байқайсың ба, менің үнім азалы,
Кеш болса да түсінсеңші қазағым.
Тілдей асыл затты арзанға бағалап,
Күлге көмдің бақытыңның базарын.
Тар түсінік, тар кеуделер көбейді,
Ұлықтаймыз өз тіліне өгейді.
Қазақшасын айта алмаған қақалып,
Неге таспен бітемейміз көмейді.
Бабалардың аманаттап сақтағаны,
Қазақ тілсіз қазақ қалай бақ табады?
Туған тілдің тұнығы лайланғанда,
Өзегім өртенуге шақ қалады.
Жүрегім де шұрқ тесік, қырық тесік,
Соның отыз тоғызы тілден болған.
Шындығымды шығармай құлыпты есік,
Табарымды білмеймін кімнен қорған.
Тіл деген ұйытқысы ұлттығымның,
Ал ұлттықты ұмытсақ ұтыламыз.
Айнала түнек қара бұлтты күні,
Жаһандану жемсауына жұтыламыз.
Тіл тигізгім келмейді-ау, əттең... əттең...
Не боларын ойлаймын ертеңінің.
«Оян қазақ» деген бабам, оян қазақ!
Ішінде жүрген жоқсың ертегінің.
Ағылшын мен орыс тілін мақтағандар,
Қазақ тілі бай екенін ұғынсын.
Жол бермеймін, тілімді таптамаңдар,
Менің тілім – ұлылырдың ұлысы !




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу