Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  172


Автор: Бақытгүл БАБАШ

Монолог

Құзғын – қайғы керіп қара қанатын,
Таусылуға айналғанда тағатым,
Сабыр деген сары алтыным сыр беріп,
Жанарыма қамалғандай қара түн.
Жаным жарқын жақсылықты аңсап бір,
Жанарымнан үзіледі моншақ құр.
Жалғанымның бетпердесін ашып ем:
Жан-жағымды аш бөрілер қоршап тұр.
Біле алмадым: өңім бе бұл, түсім бе,
Қарманамын қалың тұман ішінде.
Жалғыз жылап, үнсіз келе жатамын,
Сорбұлақтың суатынан ішуге.
Жүзім – көктем, жүрегімде күз менің,
Көктемімнен күдерімді үзбедім.
Тірілерден бір таяныш таба алмай,
Өлең – оймен өлілерді іздедім.
Өмір жолы боран болып ызғарлы,
Жүректерін жіберді ме мұз қарып.
Тірілер жүр өлілердің мəңгілік,
Көріндегі тыныштығын қызғанып.
Солай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу