Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  229


Автор: Руслан Нұрбай

Ыстыбұлақ - ырысым

Ырысым да, шығысым – Ыстыбұлақ.
Сені жырлау мен үшін күшті мұрат.
Еңбек деген жер едің ел боп келген
Еңбектеген өзіңде ерке бала.
Тербеп келген бесігін құшты жылап.
Шаңырақтау, Өгізтау, Қойтастарың
Бала кезден бойыма ой тастадың.
Бауырбұлақ, Шүмектен шырын жұтсам,
Ауыр бірақ шабытпен шайқасқаным.
Қауым жырақ өзіңнен ойқастады.
Əрбір жерде əл іздеп бала қалды.
Шөберелер шарлап жүр қалаларды.
Ұғар ұлдан не пайда ұрпақ үшін...
Дұға қылған далаңда мола қалды.
Күбірледім ішімнен, күмбірледім.
Кімге керек ойынмен, күлдіргенім.
Тау құмдағы тақпақтар əлі есімде
Аузымдағы тəтті сөз көпке жетсе,
Бауырыңдағы сол балдай бүлдіргенің.
Естелікпен, елеспен, жаным – сағым...
Жарылқай ма?!
Жырымен жалын – шағым...
Уайым кешкен сені аңсап ұлдарың бар.
Ойымды өпкен өлеңім ащы болса
Сайыңда өскен ол дағы сарымсағың.
Қалды ма екен қырыңда ізім бүгін.
Сұлулыққа тартатын қызыл гүлің.
Ұшқындауы ол сенен жан жырымның
Қышқылдауы болса егер қалжыңымның
Күштің бəрі ол сенің қымыздығың.
Сендей жерді іздедім, табылмады,
Байқайсызба, бал күнді сағынғаным.
Төзе білмей толқысам жайлап қана,
Кезегімде сырымды айта алмасам,
Өзеніңдей «Сырым» боп ағылғаным.
Кеттім бе екен жел сөздің жетегіне...
Кем кетігін көрсетші Көке міне?!
Қан қалғалы бойымда, ойымда сен!
Барғандары болса егер дұға қылсын,
Малдандағы Нұрбайдың мекеніне.
Ыстыбұлақ!
Ырысым – Ыстыбұлақ.
Жоғалғаның қинайды ішті бұрап..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу