Өлеңдер ✍️
Сақтар
Сақтар!
Сендерді сүйемін,
Табаным астында жатса да
Топыраққа айналған сүйегің!
Сақтар!
Даланың ғажайып ұлдары,
Тарих бетінің жоғалмас парағы.
Қара өлеңімнің қасиетті ырғағы,
Ана тілімнің құламас жалауы...
Тұлпарлар табаны
Ұшырған шаң – тозаң қолқаны қабады.
Сары дөң үстіртін жүр əлі мекендеп,
Сондағы рухым –
Қолында садағы.
Сақтар!
Жорыққа шығар ем мен сен боп,
Өрлігің жебесе қамшы боп.
Дегенмен өлі арыстанның мəнісі жоқ...
Мен дағы болғанмын қансырап,
Аспанға қараймын кемсеңдеп,
Алайда,
Көзімде тамшы жоқ!...
Өзіңнен жалғасқан бүгінге,
Тек, күшім қалғандай тілімде.
Үмітім жаралы –
Оны да ұмытып барады,
Кеткен бір ұрпағың
Жүрегі іріңдеп...
Жылдарға жасырған айбынын,
Уақыт тонаған байлығын,
Мекенімнің мезгілсіз құрбаны
Сақтар!!
Құйрық – жалы күзеліп тұлданған айғырым!
Сақтар!
Сендерді сүйемін,
Табаным астында жатса да
Топыраққа айналған сүйегің
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter