Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  202


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Құда түсу салты ғой қазағымның...

Құда түсу салты ғой қазағымның,
Қос жүректі тең етіп атастырған.
Тартады құдалықтың азабын кім,
Кәріге жасты таңып, шатастырған.
Жақсы қыры көп шығар құдалықтың,
Таласпаймын халқымның дәстүріне.
Көріпті қүда түсіп, сыналып кім,
Сүйгенін алып қашу көп бұл күнде.
Ал маған құда түсу ұнамайды,
Қазақтың бұл салтынан көңіл қалған.
Қалайша жас жүрегім жыламайды,
Сүйгенімді құда боп біреу алған.
Жүрегім дірілдейді сол бір сөзден,
Құда түсіп қойды ғой – десе қыздар.
Осы сөз жанымды жеп жүректі езген,
Осы сөзді естісем жүрек сыздар.
Ұлымын ғой халық салтын қадірлеген,
Мен разы сүйгеніме жетсем егер.
Білмеймін, шошып жүрмін қазір неден,
Разымын елге қызмет етсем егер.
Құда түсіп қойды ғой – дейсің сен де,
Алаулаған жүректің демін басып.
Мәңгілік кеш қалатын мен бір пенде,
Қалды-ау әттең бірақ көңіл жасып.
Еліріп сұлу көрсе құда түскен,
Жұрттардың шындығында пысығын-ай.
Алғырттық, аңдуы мол бізде күш кем,
Кешіктіріп қояды мәңгі құдай.
Құда түспе деймін мен ата-анама,
Аламын менде өзіме ұнағанын.
Жақсы келін еліне атана ма,
Құдай берсе кім біледі сұрағанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу