Өлеңдер ✍️
Жабығу
Жабықтым қалқам, бірдемде,
Жұбатқан мені, күлкіңнен.
Сенімсіздігіңді білгенде,
Сыр айтпас па едім, мүмкін мен.
Ақ таңның мөлдір шығындай,
Тамшыға теліп, тамбаған.
Кеттің-ау мені ұғынбай,
Бағымды қайтем жанбаған?!
Жабықтым қалқам, мұңайдым,
Кеттің ғой созбай қолыңды.
Пендесіміз ғой құдайдың,
Тіледім шындап жолыңды.
Аспанды жауып қара түн,
Астында қалдым тамшының.
Ғайып боп көзден барасың,
Айтылмай қалды жан сырым.
Жүрегім ет боп езіліп,
Келемін үнсіз, аяңдап.
Суықтың лебі сезіліп,
Тұрғандай, бәрін баяндап.
Мұңменен кешті батырып,
Көңілге демеу іздедім.
Көз ілмей таңды аттырып,
Үмітімді үзбедім.
Қоштасып тұрмын, ұнатып,
Аймалап сені, қия алмай.
Өзгеге сені бүйыртқаң
Жалғанға барам сия алмай.
Шығармай бір сәт, ойымнан,
Сүйсем де сені – суытып.
Аластап таста – ойыңнан,
Кеткейсің мені ұмытып.
Қоштасу қандай бір түрлі!
Достықты қиып, қайнаған.
Ұмытам қалай күлкіңді,
Көктемгі күндей жайнаған.
Өкпелеп қайтем, мен саған,
Есімнен неге кетпейсің?!
Ата-анаң күтіп, аңсаған,
Бақытқа Қалқам, жеткейсің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter