Өлеңдер ✍️
Бірлігі, тірлігі бір ел болайық
Тарих көшін арқау етер өлеңім,
Жырым, менің Қазақстан, өр елім.
Талай майдан қырғындардан аман боп,
Алға қарай қадам басып келемін.
Қазақстан туған жерім, өз елім,
Сенен ыстық мекен жоғын сеземін.
Амандығын мәңгілікке тілеген,
Халқым үшін бәріне де төземін.
Не көрмедің ғасыр бойы қазағым,
Монғол, жоңғар тартты саған садағын.
Талай боздақ сені қорғап жан қиды,
Күңіретті кең даланы азалы үн.
Кеткендер көп сені қимай шет елге,
Қарлығаш боп қайта ұшып жетер ме.
Ата мекен сен пана бол оларға,
Құшағыңнан жылу көрді бөтен де.
Өс, өркенде қазағымның ұрпағы,
Ұлың бүгін өзіңді әнмен шырқады.
Бүкіл қазақ бас қосатын күн туса,
Нұр үстіне болар еді нұр тағы.
Елімізді, жерімізді қалдырып,
Жүрмейікші жат елкеде қаңғырып.
Аштық жайлап тоз-тоз болған халқым-ай,
Жарадан сол жазылмастай мәңгілік.
Ұлы отан соғысы да басталды,
Бомба атаулы біздің елге тасталды.
Отан қорғар, жауды жасқар өр кеуде,
Бауыржан мен Мәлік болып аттандық.
Жеңіс келіп, қуаныштан жас тамды.
Қара бұлт жаппасын тек аспанды...
Жетесіздер ар сотынан ада боп,
Жас бөбектер болды бүгін тастанды.
Жыр бұлағым халқым саған төгілген,
Халқым үшін жаным жылап егілген.
Ұрпақ қамы, ана тілі ынтымағы қазақтың,
Көксеріміз осы біздің өмірден.
Естен кетпес халқымның күрсінгені,
Жас жүрегім соны ойлап дүрсілдеді.
Ел үшін туған ерді отқа салса,
Адамның қайнамай ма іште кегі.
Қазақта жүрек те бар, ақыл да бар,
Кез келді бар ізгілік мақұлданар.
Өткенді таразылап, ойды жинап,
Үш жүздің келді кезі жақын болар.
Мағжанның «Оян қазақ» деген сөзі,
Айтылған батқаннан соң өмір тезі.
Бірлігі, тірлігі бір ел болайық,
Кеш те болса оянар келді кезің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter