Эсселер ✍️

  30.05.2022
  5654


Туған жердің туын көтеруге қандай үлес қосар едің?

Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз,


Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз.


 


Иә, туған Отан, туған ел, туған жер... Адам өмірінде осыншалық ыстық, осынша қымбат, осыншалық құтты мекен жоқ шығар. Әрбір адам шыр етіп дүние есігін ашқанда, кішкентай ғана қос жанарымен әуелі анасын, кейін жер-анасын көреді ғой. Сол сәттен бастап-ақ сәби жүрегінде екі махаббат пайда болады. Бірі - анаға деген, ал енді бірі- туған жерге деген махаббат. Осынау қос ұлы құбылысты бірінен өте бірін сүймейтін адамды «адам» деп айтуға аузым бармас-ты. Кіндік қанын тамызып, ауасымен тыныстатып, топырағынан нәр беріп, жер бетінің «жұмағын» сездіретін қасиет – туған жер. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», - деп қазақ халқы бекер


айтпаса керек-ті. Туған жердің адам өміріндегі киелі орын екендігі, негізінен, дәлелдеуді де қажет етпейтін аргумент, бірақ «неге туған жер адам өміріндегі ең киелі орын саналады?» - деген сұраққа жауап іздеп көрейік.


Тарих беттерін парақтасақ, туған жердің киелі һәм құтты мекен екенін талай дәуір көшінде өмір сүрген, талай ғасыр бұрын жасаған тарихи


тұлғалардың өмір деректері дәлелдейді. Мысалы, аты аңызға айналған Асан қайғы бабамыз да халқының қамын ойлап, шұрайлы жер іздеп желмаясымен қазақ даласының түпкір-түпкірін шарласа да, өзінің туған жеріндей жайлы мекен табылмасына көз жеткізіп, туған топырағына барып дүние салғаны - туған жердей жер болмасының дәлелі емей немене?


Қазақ халқының дарынды жазушысы Шерхан Мұртазаның Парижде болып, Париж түсіне кірмеуі, Мысырда болып, Мысыр түсіне кірмеуі, қанша ғажап елдерді шарласа да, түсінде ылғи Мыңбұлағын, Ақсу-Жабағылыны көруі –


«ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейтінінің» дәлелі сияқты. Туған жер туралы толғанып, осы тақырып санамда толықсып тұрған сәтте менің ойыма бірден авар ақыны, елінің, жерінің нағыз патриоты, Отанының ұлы Расул Ғамзатов оралады. Туған жерге деген шетсіз, шексіз


сүйіспеншілігімен, махаббатымен өзінің шығармаларының барлығына кіндік қаны тамып, тай-құлындай тебісіп, ойнап өскен өлкесін арқау ету арқылы


Дағыстанын әлемге танытқан Расул Ғамзатов – мен үшін туған жерді сүю символы.


Жоғарыда атап өткеніміздей, өткен замандарда туған жердің маңызы, туған жердің адам өміріндегі рөлі қандай зор болса, дәл бүгінгі күні де туған жер тақырыбы назардан тыс қалып жатқан жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған мақаласында туған елге, жерге баса назар аударып, әр жанның туған жерді қастерлей білуіне, туған мекенді аялап, сүйе білуге тәрбиелеу нысаны ретінде «Туған жерге туыңды тік» атты бөлімін айшықтап жазған.


Туған жерге ту тігу – туған топырағыңды жан тәніңмен сүйіп, патриоты болу, өскен өлкеңнің көркейіп, дамуына үлес қосу, перзенттік борышыңды өтеу.


Сондықтан да, әрбір адамзат баласы тіліне, дініне, діліне қарамай туған жерлеріне ту тіксе , бұдан асқан алғыс бар ма?


Қорытындылай келе, туған жердің тұғыры перзенті үшін әрдайым биік,


әрдайым асқақ болатынын айтқым келеді. Туған жер - өгейленсек те өзегіне теппейтін жалғыз мекен! Туған жер - әлемдегі жалғыз дара орда! Туған жер – ата-бабамыз ірге тігіп қалдырған жәдігеріміз. Оны сүю, түтінін аңсап, топырағына «тал» егу – адамзаттық парызымыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу