Эсселер ✍️
ҚР Тәуелсіздігіне - 30 жыл
«Ғасырлар бойы арман еткен егемендік – қазақтың басына қонған бағы» деген позицияны ұстана отырып, өз пікіріңізді дәлелдеп жазыңыз
Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен
алдық деп ойлаймын.
Н.Ә.Назарбаев
- Желтоқсан. Иә, еске алғанда, есіңді алатын, ойлап отырып ызғарын сезіндіретін ұғымдар. Қазақстан – боданда жатқан боздақ еді, ұлы – құл, қызы – күң. Ешбірінің бойында еркіндік атты егемен сезім болмаған.
Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бөгденің бөтендігіне иісіп, ашса, алақанында астасып, жұмса, жұдырығымен жымдасқан. Талайлаған жылдар бойы еліміздің мүддесі, тәуелсіздігі үшін талайлаған адам қыршыннан қиылып, қан төкті. Дегенмен, «тәуелсіздік» атты алып қақпа оңайлықпен
ашыла қоймады. Көптің көңілінде үміт оты сөнгендей болып еді. Алайда, 1986 жылдың суық қарыған, ызғарлы Желтоқсанының желі жас буынның жігерін жаныды. Рух оянды! Жанардан жоғалған нұр қайта ойнады! Азаттық үшін арпалыс дәл осы жылы өз жалғасын тапты. «Тәуелсіздік» деп тебіреніп,
«Еркіндік» деп еміренген жастар Алматыдай алып шаһарда алаңға шықты. Мыңдаған жүрек, мыңдаған үміт, мыңдаған сенімдердің жолы бір арнада тоғысты. 1991 жыл. Азаттықтың, бостандықтың ақ таңы арайлап атқан шақ. Олай болса, «зарығып жеткен тәуелсіздік бізге не берді?» - атты сауал асында ой толғап көрейін.
30 жыл. Жасампаздығымызға аттай 30 жыл толуда. Уақыттың
қарқыны – зымыран. Біріншіден, еліміз бір кездері егемендік алғанына сенер- сенбесін білмей жүрген, көңілдерінде: «тасымыз өрге домалар ма екен?» -
деген сауал туындап, ізгі істің бастамасын бастауда дал болып жүрген мемлекет болса, міне, бүгін «тәуелсіздік» мөрі басылған төлқұжаты бар,
шекарасы шеңделген, өзге елдермен терезесі теңескен, спортта бағы еселеніп, әлем додаларында көк туы көп тудың арасында асқақ желбіреген, әлем
елдерінде әнұраны жаңғыра шырқалған ел болуымен қатар, саясаттың сара жолын білетін кемел көшбасшысы бар, тұғырынан тайқып түспес тілі, көзі
ашық, көкірегі ояу, білімділік пен біліктіліктің байрағын желбіреткен саналы ұрпағы, бейбітшілік пен бірліктің босағасынан аттап кетпейтін халқы бар,
алға қойған ұлы мақсаттары айқын, келешегі кемел, жастары жалынды, бірлігі берік, татулығы таймас, тәуелсіздігі тұғырлы, егемендігі ғұмырлы алып елге айналды.
Екіншіден, қысқа ғана уақыт ішінде ел экономикасы қарыштап өсті, бейбіт тұрақтылық қалыптасты. Еуразияның жүрегіне Қазақстан Республикасы орнықса, Қазақстанның жүрегінен арман қала – ару астана еңсе көтерді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан әлемге
танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған
тәуелсіз елді әлем таныды. Сондай-ақ, тәуелсіздік эылдарындағы еліміздің бастан өткерген ең ірі жетістігінің бірегейі – EXPO-2017 халықаралық көрмесі. Дәл осы жылы елімізге сан елден туристер ағылып, әсем астана мен кең байтақ Қазақстанның көз тоймас сұлулығына шомған еді.
Үшіншіден, отанымыз жыл өткен сайын, өркендеп, өсіп, асу-асу
белестерді бағындырып, толағай табыстарға қол жеткізді. Бүгінде әлемдік қауымдастықтың бөлінбес бөлшегіне айналып отыр. Мәдениетіміз бен руханиятымыздың мәртебесі мұхит асып, жарты әлемді таңдай қақтырды. Ұлттық рәміздерді ұлт руханиятының ұсамас бөлшегі ретінде танып, көк ту мен елтаңбамызға төрден орын сайладық. Еліміз 130-дан астам өзге ұлт өкілдеріне киелі қара шаңырағымыздың астында, бейбіт, тату, тыныш өмір сүрулеріне мүмкіндік беріп, достастығымызды мығым ұстап, татулық пен бірліктің шырағын жағып, Абайдың сөзімен айтқанда, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзін ұран еткен бауырмал халық мекендеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш мекеніміз. Жаһандану заманының жаңа талаптары мен жаңарған технологияның тізгінін берік ұстап, жаңа
ғасырдың жаңашыл еліне айналды. Жастары ел алдындағы мақсаттары мен міндеттерін, жауапкершіліктерін сезінумен қатар, ел мүддесі мен ұлттың жарқын болашағының жолында білімдерін нығайтып, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы жолында аянбай тер төгуде. Ел жасампаздығының отыз жылы осындай тартулар сыйлады, дегенмен, еліміздің алған асуларынан,
алатын асуларының, бағындырған белестерінен, бағындырар белестерінің әлдеқайда көп екеніне кәміл сенімдімін.
Қорытындылай келе, еліміздің сан жылдар бойы отаршылдық езгіде болғаны - өткеннің ақиқаты болса, тәуелсіздігіміз – бүгінгі күннің ақиқаты.
Еркіндіктің туы – тәуелсіздік.Мен тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз
азаматшасы екенімді мақтан тұтамын! Бүгінгі ұрпақтың нұрлы болашағының жолын салған желтоқсаншы аға-әпкелеріміздің есімін еркіндік атауымен егіз көремін. Еркін елде еш алаңсыз, қамсыз өмір сүруімізге ықпал еткен
жаужүрек бабаларымыз – осы кісілер. Олардың ерлігін, өрлігін ұмтыу мүмкін емес. Бүгінгі таңда еркіндік құшағында құмайдай болып отыруымыз –
тәуелсіздігіміздің айғағы. Бізді дүниеге әкелген – осы кісілердің ерлігі болса, біздің міндетіміз – самұрықтай көкке самғай беретін, қырандайын қайсар, тұлпардайын жүйрік мемлекетіміздің қарқынынан құламайтын, тек болашаққа көз тастайтын еліміздің ілгері даму жолында биік ойлы да білімді ұрпақ, ел үмітін ақтар азамат болып, жас Отанымыздың жан-жақты дамуына септігімізді тигізу.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter