Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
30.05.2022
99
Қайдан кетсін, жігітім...
Қайдан кетсін, жігітім,
Сұрапылдық ызғары
Соқты Арыста күні-түн,
Талай жүрек мұздады.
Қара қағаз – өлімнің
Қара жүзі секілді.
Әр есіктен көрінді
Зар илетіп жетімді.
Бір азамат ауылда –
Бір асқар тау тұлғасы.
Әкең, ағаң, бауыр да
Саналады бір басы.
Құмарбек те қатайған,
Жоқ бұрынғы қыңқылы.
Санасы да сақайған,
Жұмысында күн-түні.
Сипап жетім маңдайын,
Сүйеп сорлы жесірді
Тауқыметті нар-дайын
Көтеріп күн кешірді.
Майдан жаққа ағылған
Эшелондар күнде өтед.
Жарқ-жұрқ ойнап жағылған
Жасыл жарық – бір медет.
Тұмарбекке баршасын
Жібергендей сезінсе,
Құмаң қалай шаршасын,
Өлім ғой, сәл көз ілсе.
Көктем – өмір нұрындай,
Көреді сол жарықты.
Поезд даусы жырындай
Жатталып та қалыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter