Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-05-30-00-49-58.png)
Бағаналар
Жарысып жұлдызша аққан поезбенен,
Жарысып жас шабытпен ой іздеген.
Қалмайды ұзынтұра бағаналар,
Тұс-тұстан қол бұлғайды маған олар.
Жазықта дедектейді жалаң аяқ,
Сол сәтте шаршады-ау деп қалам аяп.
Кездессе қарғып өтер өзен-көлден,
Сымдарын суға малмай өзі өңгерген.
Дөң аттап, альпинистей таудан асып,
Бір-бірін жетектейді қаумаласып,
Ықтамай жүре берер дауылдарда,
Жолшыбай сәлем беріп ауылдарға,
Не сыр бар иықтағы сымдарында?..
О, жолдас, күй бар онда, тыңдадың ба?
Ғашықтың жүрегінің лүпілі бар,
Жас жанның тілегі бар, үкімі бар.
Ананың алыстағы ұланына,
Еміренген даусы келер құлағыңа.
Қушитып бағаналар иықтарын,
Кей кезде күйлемейді сүйікті әнін.
О, жолдас, суық үнді кім сұрайтын,
Жаныңа у тамызып шымшыла йтын?!
Болса да сүйегі ағаш бағаналар,
Ондайда кейіп қалар саған олар.
Жарысып зымыраған поезбенен,
Жарысып жас шабытпен ой іздеген
Қалмайды ұзынтұра бағаналар,
Тұс-тұстан қолын бұлғап маған олар.
Жүрсінші бағаналар батыл басып,
Жүректер қалсын жылып, жақындасып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter