Эсселер ✍️

  30.05.2022
  17973


«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген тұжырымды талдап жаз

 


Абай –дана, Абай – дара қазақта. Бүкіл ұлтына талайлаған өсиет сөз


қалдырған, даналығымен, кемеңгерлігімен, көрегендігімен танылған Абай Құнанбайұлының «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» - деген


сөзінің астарында да түсінген адамға үлкен мән, зор мағына жатыр. Абай бұл екі ауыз сөзі арқылы бүкіл қазаққа ғана емес, бүкіл дүние халықтарына,


барша адамзатқа үндеу тастағандай. Абай өз заманында да өз халқының


тағдырына, болашағына алаңдап, уайым-қайғы шеккен асыл перзент еді. Осы өз халқының өміріне алаңдаудан, ашынғаннан туған туындылары Абайдың туған халқына күні бүгінге дейін азық болып келе жатыр.


«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналық сөзі


арқылы данышпан Абай қазақ халқы үшін індетке айналып бара жатқан мінез кеселдерін меңзеп, көрсетеді.


Біріншіден, халықтың бірлігі, ұлттың ауызбіршілігі. Абай заманында халық арасында теңдік болмағаны тарихтан белгілі. Байлар мен жатақтар болып бөлініс тапқан сол кезеңдерде байлардың кедейлерге жасаған озбырлықтары, кедейлердің байлардың қанауында болуы сынды оқиғалар осыған айқын


дәлел бола алады. Таптық бөлініс бар жерде теңдік болмайтыны, теңдік болмаған жерде, әлбетте, ауызбіршіліктің болмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін аргумент. Бұл жайында біз Абай өмір сүрген дәуірдің бар


шындығын бұқпасыз, боямасыз бейнелеп көрсеткен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан да кездестіре аламыз. Бай, би, болыс болған Тәкежан, Әзімбай, Майбасарлардың кедей қауымы Базаралы, Дәркембайларға көрсеткен озбырлықтары, малдарын аштықтан қыруға тырысып, халықты


қанаған эпизодтары қазақ қоғамындағы Абай айтқан «бірін қазақ, бірін дос» көрмейтін кейіпкерлердің шыншыл бейнелері еді. Демек, талай жылдар бұрын болған осындай таптық бөлініс, рулық, тіпті аймақтық бөліністердің өзі істің берекесін қашырып, ұлттың татулығынан айыратын айла-амалдар.


Сол себепті де, Абай осы сөзімен «бір-біріңді дос тұтпасаңдар, бауыр


санамасаңдар, бірігіп іс жасап, бірліктеріңді нығайтпасаңдар, жасап жатқан істерің мен амалдарыңда береке болмайды» - деген идеяны алға тартады.


Екіншіден, Абай екі ғасыр бұрын айтып кеткен дәл осы мәселе бүгінгі таңда да өз маңызын жойған жоқ. Себебі, қазіргі қазақ қоғамында да


азаматтарға тән жатбауырлық, безбүйректік бар ма деп қаламын. Жаңалықтар арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да қазақ бауырлардың, қандас


бауырлардың бір-біріне жасап жатқан қиянаттарын, бір-біріне көрсетіп жатқан қорлықтарын, ең сорақысы бірін-бірі күндеп, өлтіріп жатқандарын көргенде де Абай сөзі еріксіз есімізге түседі, дәл осындай жаңалықтарды естігенде бір тудың астына жиналған халықтың азаматтарының арасында тасжүрек адамдардың болатынына қарным ашады. Қазақ қоғамындағы актуалды мәселеге айналған бұл тақырып бұдан кейін де маңызын жоғалтпақ емес.


Қорытындылай келе, Абай Құнанбайұлы «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» - деген идеясы арқылы қазақ халқын, қазақ


азаматтарын тату болуға, бір-біріне мейірім танытып, әрдайым бірлікте болуға шақырады. Бірлікпен,бірігіп жасамаған тірліктің өнбейтінін ақын ескерте отырып, болашақ ұрпағына зор өнеге қалдырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу