Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  114


Автор: Бекен Әбдіразақов

Күй мен қарақшы

Қаракөк самал қалтырай қанат қағады,
Ақ жайлау аспан шаңытып оттар жағады.
Сұлу сыр сипап жағаны сылқым ағады,
Жер-көкті тербеп, бір әуен арбап барады.
Домбыра үні...
Домбыра үні...
Тыңдашы!..
Әлде бір сырдың,
Әлде бір арман мұңдасы...
Сол әуен нәзік самалға қанат болғандай,
Сол әуен көкке жұлдыз боп көшіп толғандай.
Сол әуен сырдың толқынын сипап толғана,
Шыққандай мынау қарақшы тұрған жонға да...
Қарақшы тұрды
Қара атты, қара киімді,
Қап-қара көңілін қақ жарып бір нұр құйылды,
Аңсады бейбақ, ақжарқын күннің шуағын,
Аңсады бейбақ, ақ отау шоғын, шырағын,
Аңсады бейбақ, сүйе алмай кеткен сүйгенін...
Тырналап жанын, жүрегін сықты күйдегі үн.
Мамырлап барып, күрсініп жаймен күй тынды.
Аңырап қалды дүние мынау сүйкімді.
Бүйірден түртті бұзақы сезім сиқырлы,
«Қиял – қас жауың! – дегендей – аш, бол,
ұйқыңды».
Селк ете түсті,
Жаңағы сезім арайлы.
Көңілден ұшты,
Маңайын барлап қарайды.
Қызылдың құмы – көктемес ексең көк шыбық,
Қызылдың түні – қасқырды қойған жыршы ғып.
Күні-түн өзін сандалтып қойған тіршілік,
Баз қалпы жатыр бәрінен жаны түршігіп.
Алдында анау күнгі олжа – бай малы,
Тұрғанда жарау аты мен қару-сайманы.
Тәуекел етіп, бір іске басын байлады,
Ысырып қойып, күндегі қасқыр айланы.
– Кім бар, оу! – деді дауысын біраз көтеріп.
– Иә, мен бар! – деді бір жуан көмей жөтеліп.
Жақындап келіп тізгінін тартып қарады;
Бір алып жатыр, көздері шоқтай жанады.
Айылын жию деген жоқ тіпті есінде.
Балақтай ғана домбыра жатыр төсінде.
– Түнделеп жортқан қара ұры сенсің білемін...
Іркілмей сөйле, көрсем де сені жүр едім...–
Деп қойды тағы мізбақпай жатқан қалпынан.
– Хабардар болсаң қарақшылардың шартынан –
Түн серік оған, алды – олжа, бірақ, арты – қан.
Ал күйің үшін үшінші шарттан тартынам, –
– Күй үшін дедің... белгілі ұры есебі...
Сен осы маңда бір қызға ғашық деседі... –
Қойшының сөзі қолқасын жұлып алғандай,
«Япыр-ау, нені бықсытты мына сормаңдай,
Мұның да сонда дәмесі болып жүрген бе?..


Қайтесің, шіркін... Ертерек, қайран, білген де...»
Құтырып қайта қарақшы қаны қайнады,
– Қыз мендік! – деді, қанжардың жүзі
жайнады.
– Не дедің? – Қойшы шап берді аттың
құйрығын,
Жалт етті қанжар, асырып ашу бұйрығын.
Мықшиып барып тұрды әрең ұры аты да,
Қойшы айтты жаймен:
«Қайтейін, кеттім қапыда»...
Қара түн жатыр
Қарақшы ізін жасырар,
Қарақшы тұрды кете алмай қойшы басынан.
Қызылдың түні.
Ұлиды қасқыр қан сұрап.
Жауыздың даусы-ай, тұра алар емес жан
шыдап!..
ІІ
Қаракөк самал қалтырай қанат қағады,
Ақ жайлау аспан шаңытып оттар жағады,
Сұлу Сыр сипап жағаны сылқым ағады.
Домбыра сазы жүректі баурап барады.
Сырлы әуен нәзік самалға қанат болғандай,
Сырлы әуен көкке жұлдыз боп көшіп қонғандай.
Мұңлы әуен Сырдың толқынын сипап толғанып,
Күй шерткен жасты шыққандай алыс жолға
алып.
Айдынға қойған аққудай қалқып күй тынды,
Жас жігіт отыр дүниеге елтіп сиқырлы.
Шал жылап жатыр,
Қалжырап жатыр байғұсың
Басына жастап бақастық салған қайғысын.
Ақ арман нұрын байлаған жалғыз ұлына
Бұл күйді көмген Қызылдың қорқау құмына.
Беттесіп енді қарақшы отыр күйменен,
Бірі – құр сүлде,
Бірі – ару жел де тимеген.
Жас жігіт отыр көзінде лаулап бар шырақ,
Махаббат зары-ай тұра алар емес жан шыдап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу