Өлеңдер ✍️
Шырақ туралы баллада
Омыраулап тіршілікті келе жатыр жауыздық.
Күңіренді, сулар сыңсып, дала жылап, тау ызғып.
Қаратауды қансыратып, сұлу Сырды сапырмақ,
Ал бел байла, шапқыншылар келіп қалды
жақындап! –
Ел де берді, жер де берді осы қатал бұйрықты,
Қаратаудың етегіне сарбаз біткен ұйлықты.
Дауласқанмен, жауласқанды білмейді екен
қазағым,
Қарашы, бұл тағдыр-иттің тәлкегі мен мазағын!
Бір ақсақал:
— Шапқыншыда қару басым, қол басым,
Не істеу керек?.. Жағдай қиын, бәрі басым
болғасын... –
деді-дағы көзбен шолды көпшілікті түнерген.
— Ең абзалы — қайыспастан қарсы тұрып бір
өлген! – деді біреу.
Ақсақалға бәрі құптап қарады,
Бәрінің де суық жүзі, от шашады жанары!
Ал ақсақал қолын тауға көтерді де түсірді:
— Қатын-бала сонда жатыр! – Бәрі де
үнсіз түсінді.
Талып жетіп естіледі содыр тұяқ дүсірі,
«Келіп қалды» дегендей ол асықтырып кісіні.
— Мен барамың! Жалғыз барам!
Бір сілкіген тау ішін
Ақсақал да тани кетті Шырақ батыр дауысын.
Жұрт қарады аңтарылып жүрек жұтқан батырға.
— Мен! Мен! – деген дауыс сонсоң, – ал,
нөсердей сатырла!
— Жоқ, ағайын!
Жалғыз барам.. айла керек бұл сәттер...
Ал, ағайын, қолыңды жай, рұқсат бер! –
Шырақ батыр қолын жайды жақ еттері дірілдеп,
Көк аспанға қол ұсынды жиылған көп біріндеп.
– Е, әр-у-ақ! – Қаратау да қайталады тістеніп,
Тұлғасына құйылғандай шапши аққан күш келіп.
—Е, әр-у-ақ! – Шырақ батыр қалтасынан
ұстара ап,
Шалып қалды оң құлағын нақ ұшынан ұстап ап,
Қас қаққанша сол құлақ та ұшып түсті құрақша.
— Е, әр-у-ақ! –Арғымағы ытып кетті ылақша.
Қаны шапшып жардан атқан қызыл-жоса
бұлақтай,
Шауып барат, қос құлағы алаулаған шырақтай.
2
Өкпе тұстан ат ойнатып шыға келген адамға
Шұбырынды аш қасқырдай тап берісті табанда!
Көрген сәтте қалт тұрысып қызыл-жоса құлақты,
Секемдене, қоршай берді найзаменен шұнақты.
Шұнақ бірақ:
—Ойбай, өлдім! Құтқарындар азаптан...
Былай қашып бара жатыр әлгі бұзық қазақтар!
Сендер үшін... айналайын... кегім кетті-ау..
Өлем бе? –
Байбалам сап, құлап түсіп,
Қол шошайтты төменге.
Қаумаласып мінгізді атқа сұлап жатқан шұнақты,
Таңды-дағы орамалмен орнында жоқ құлақты:
—Кәне, достым, баста бізді, көрсетейік
кескенді, –
деп «көсемі» төмен қарай жұдырықпен сес берді.
Бір бел асты...
Бес бел асты... Таусылмайды бел деген,
Бірін асса, тағы алтауы тұра қалар көлденең.
Буын құрттай түсіп жатыр буындарға шөл деген,
Қайдан білсін бұл Бетпақты бетпақтығын
көрмеген.
«Анау мұнар жаңылмасам, суы тұщы көл деген,
Өлі балық тауып жейді дейтін осы-ау өлмеген».
Шырақ батыр осылайша атқа қамшы басады,
Көл дегені көзді тартып сиқырлана қашады.
Ымырт қонды.
Андаушыдай көрінеді бұтаң да,
Түкірік те қалмады ғой тамақ жібіп жұтарға!
Шырақ батыр әнге қосты аш арыстан Бетпақты,
Өмір десе, қанын жұтып қасарысқан Бетпақты.
Жел қағып ап Шұнақ сырын сыбырлады бәріне,
Түсінді жау құйқылжыған көңілді әннің мәніне.
– Ах, хайуан! – Жалақ қағып оқ жыландай
атылған
Найзаларды ұстап қалды «көсем» даусы
ақырған:
– Тоқтат, кәне! – Жетіп келді екі көзі қанталап,
Төніп тұрды жемтік көрген құзғындарша
анталап,
– Қазір анау доп басынды шақсақ па екен
жаңғақтай,
Әлде өзінді найзаға іліп лақтырсақ па
қаңбақтай...
Бірін, бірақ, істемеймін.
Қайт та арам райдан,
Рақым сұра, иман сұра Шыңғысханнан,
құдайдан.
Сөйтіп, бізді алып шықсаң куә болсын, жұрт әні,
Осы өлкеге боласың сен Шыңғысханның
сұлтаны...–
Шырақ батыр сақ-сақ күлді Бетпақ түнін
жаңғыртып:
– Екі-ақ құлақ өздерінді жіберді ғой
қаңғыртып...
Сұлтан дейсің... Сұлтаныңның ұрдым сендей
енесін,
Қос құлақтан таяқ жедің, елді қалай жеңесің?...–
Шырақ батыр сақ-сақ күліп, қарады да
«көсемге»:
– Ей, ант атқан! Қай әкеңнің құны бар-ды осы
елде?
Білесің бе бұл Бетпақтың жау біткенге обырын,
Шөлден шіріп қырылады мынау қорқау
тобырың...–
дей бергенде, батырымның найза тесті бүйірін,
Талып барып, есін жиып, шолды дала қиырын:
– Мен де өлем, бірақ қалам топырағымда
мәңгілік,
Сендер ізсіз бұралқы иттей құрисындар
қаңғырып.
Паршалаған сүйегімді туған жердің самалы
Ілтипатпен жиып алып, жер қойнына салады...
***
Сонан бастап Бетпақты жел сыпырады күн-түні,
Алып қапты ол мирас етіп өзіне асау күлкіні.
Біздерге ең қасиетті мұра болып қалғаны –
Елі үшін ер Шырақтың өзін құрбан шалғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter