30.05.2022
  138


Автор: Бекен Әбдіразақов

Түнгі поэма

1
Қыз-ұлымен жарым жатыр,
Қызуымен жанып жатыр.
Білінбейді уақыт қана,
Күлімдейді бақытты ана.
Қыз-ұлымен жарым жатыр,
Қызығымен байып жатыр.
2
Байып жатыр, балқып жатыр жан-жарым,
Бауырына басып ыстық арманын.
Тереземнің сыртынан түн қарайды
Қызығама, қызығыма арайлы...
Мен де үңілдім, әлдекімдер елестеп,
Көңіл шіркін өз орнында емес тек.
Қараңғы екен көзге түртсе көргісіз,
Аспан қайда, басқаң қайда – белгісіз...
З
Аспан қайда, басқаң қайда – белгісіз,
Тек мен тұрмын тереземде мелшиіп.
Жерім жүріп барады деу – сенгісіз,
Жотасына осыншама ел сыйып.
Жерім сонда қайда бармақ, нені іздеп?
Айналшықтап тұрмақ па сол өсінен?
Адам біткен балапандай жем іздеп,
Өтпек пе сол алатаңмен, кешімен?..
Мен білемін жер-ұлы ана – жақсы ана,
Бір перзентін өгейсімей сүйеді!
Ол – пақыр ма, әлде дүлей патша ма –
Омырауын бірдей ашып иеді!
Біз ғой жердің күнін-түнін бөлшектеп,
Сәулесін де саудалайтын, сататын.
Ал жер-ана, зұлым болып өлсек те,
Бесігіміз адалмен бір жататын.
Сәл ойланшы, жолаушыдай тынымсыз
Күн соңынан жерім қуып барады.
Бірер сәтте ысырылып түн үнсіз,
Күннің аппақ шырағданы жанады!
Мына түннің түнерген түк қабағы
Табиғаттың шығар солғын көңілі.
Мен мұңданам тұрса дәйім қабарып
Осы түндей адамдардың өмірі.
4
Осы түндей кей бауырлар өмірі
Жатыр әлі жауыздыққа көміліп.
Жүрек құрғыр сезіп, міне, сыздайды,
Тітіркентіп тұла бойды мұз-қайғы.
Өз жарымның жайнап тұрған жасында,
Бейшара боп сәбиінің басында.
Бір келіншек отыр қазір егіліп,
Қос жанардан қасіреті төгіліп.
Осы түндей көңілдері түнеріп,
Талшық іздеп күл-қоқыстан үдеріп.
Көзі – қара, өңі – қазақ, жаны – аппақ,
Аш күшіктей жан-жағына жалақтап,
Безек қағып бір топ бейбақ бүлдіршін
Жүрген шығар көше кезіп, кім білсін...
Осы түндей арман шамы өшкесін,
Басынан бақ аума бұлттай көшкесін.
Қыздарымыз қалтасызды кемсінген
Қақбастарға қалтасымен есірген
Құл боп кетіп, бұл боп кетіп бара ма,
Бақыт деген болып бақыр-садаға.
5
Бақыт деген болып бақыр-садаға
Қалып қойған тіршіліксіз жағада.
Үрей құшқан үмітсіз жан сияқты
Көңілімді көріксіз бір күй апты,
Көміп тастап Азаматтық ұятты!
Түн деген не?
Сан сиқырлы ол – дастан,
Жүрек үнсіз елбірей кеп қолдасқан.
Түн – махаббат жәрмеңкесі болмастан,
Болсын – серік, талай нұрлы жолды асқан,
Ұяттымыз ұйықтамастан, жолдастар!
6
Қыз-ұлымен жарым жатыр,
Қызығымен байып жатыр.
Дірілдейді уақыт та әні,
Күлімдейді бақыт таңым!
Бұл таңымның шапағы да
Нұр құяды қапалыға!
Сол қызумен сілкінеді,
Жерде мәңгі күн күледі!
Қыз-ұлымен жарым жатыр,
Қызуымен жанып жатыр,
Жанымда зор жалын жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу