30.05.2022
  180


Автор: Бекен Әбдіразақов

Айсарашыма айтарым

1
Айсарашым, ай жүзді әңгелегім,
Сен бе екенсің сағынып, шөлдегенім?
Сенің үнің болар-ау пейіштегі
Періштелер салатын ән дегенің.
Құлдығым-ау, жұлдызым жымыңдаған,
Естіп, біліп, көрмеген бұрын ғалам
Бесігіңді бәйек боп қызғыштаймын,
Бозторғайдай мен де бір шырылдаған.
Босағамды уілдеп аттағанда,
Бақыт үні бөлмемді қаптағанда,
Өмірімнің өлшенбес нұрлы күнін
Бір өзіңде тағдырым сақтаған ба?
Қарай берем жүзіңе құмар қанбай,
Аялаймын өзіңді шығар жандай!
Үйімде енді түнде де шам сөнбейді,
Сен де жандың тағы бір шырағдандай!
2
Көктем туды, уылжыған өзіңдей,
Көк аспан да таза, тұнық көзіңдей.
Жер-ананың омырауы сүттенді,
Терлеп-тепшіп толғағы да сезілмей.
Алып шықтым алғаш сені бөлмеден,
Кең дүниенің дәлізіне көрмеген.
Ауламызда көршілерім шұрқырап,
Тамсанысты көктемді аңсап шөлдеген.
Бір заматта жауын жауды сіркіреп,
Бала біткен мәз болысты дүркіреп.
Көршілерім үйлеріне беттеді,
Саған ғұмыр, тіршілікке нұр тілеп.
Қиырда бұлт қоюланды, құлдығым,
Қара нөсер құйылғалы тұр бүгін!
Тұңғыш көрген көктеміңе таңырқап,
Сен бе күлген, әлде әлем бе, күлді кім?!
Алдыңда ғой маужыраған мың көктем,
Жолығарсың басыңды иіп құрметпен.
Қызықтым ба, қамықтым ба, әйтеуір,
Дедім сені – бақытты жан бұл неткен!
3
Аспан бұлты ашылады, құлдығым,
Мен де ашайын жер үстінің шындығын!
Өмір бұлты ысқырынса. Жо-жо, жоқ!
Тілім тасқа, мен-ақ білем сұмдығын!
Бес жасында атаң байғұс бүрсеңдеп,
Ілінгенін жеген тірі жүрсем деп.
Ақ жейдені кигізбейтін біздерге,
Жиі жуып, тез тозатын, кіршең деп.
Көп көрдім мен бетін жаспен жуғанды,
Көп көрдім мен жетім болып туғанды.
Көп көрдім мен ажарларды тез тозған,
Қара бұлтын ақ арманмен қуғанды.
Қайсыбірін айта берем, құлдығым,
Өмір де шат, көңіл де шат – гүл бүгін!
Мен тағдырдан құлдық ұрып өтінем,
Жұлдызды аспан болсын мәңгі түндігің!
4
Маған түнде бір ғажайып келсін ой,
Жаңа ғасыр азаматы сенсің ғой!
Он алтыдан он жетіге шыққанда
Толықсыған таңшолпанға теңсің ғой!
Сенің еншің – жаңа ғасыр жасауы,
Бас білмеген махаббаттың асауы.
Бәлкім, тірі, бәлкім, қайтпас сапарда
Мен жүремін, кетіп ғұмыр қашауы
Жұлқып ашып жаңа ғасыр қақпасын,
Алтын қызым босағасын аттасын!
Өткен ғасыр ерліктерін ту етіп,
Мінсін қызым қызыл тұлпар қасқасын!
Өкпелімін өзім өскен ғасырға,
Бір ерлікте жасамадым жасымда.
Айттым ғой мен соғыс жылғы күнімді,
Жүрдім сосын күйкі тірлік басында!
Кеш тудым деп кейде өзімді ақтадым,
Жанды қояр дерді, әйтеуір таппадым.
Кетпен шаптым, егін ектім, жол салдым,
Құрдастарым ғарышқа да аттанды!
Жаңа ғасыр басында енді сен тұрсың,
Сенің еншің – жауын жаусын, жел
Тұрсын!
Сондай сәтте, бір ғасырды дүрлеткен,
Ата-баба әруағын келтірсін!
Маған бүгін осындай бір келсін ой,
Жаңа ғасыр азаматы сенсің ғой
Он алтыдан он жетіге шыққанда
Дүниені төңкеретін ерсің ғой!
Алтын қызым, бізден көрген үлгіңді
Жоғалтпағын қызық үшін бір күнгі!
5
Уақыт – қазы баршасын екшеп алар,
Жасымаймын жосықсыз сөксе де олар.
Бастан кешкен хикая жырлап берсем,
Мың бір түннен ұзақтау кешке барар.
Болашақ деп аталар ертеңгі өмір,
Кеште тыныш ұйқтасын көркем көңіл.
Ұйқың, бөлем, бүгінше бұзылмасын,
Болашақтай түс көрші қызыл-жасыл!
6
Апаң сипап арқаңды қасып жатыр,
Алақаның, аяулым, ашық жатыр:
Ел айтады жомарттық белгісі деп,
Бұ заманда одан жұрт қашып жатыр.
Сырт айналды мырс етіп мырзалықтан,
Сараңдыққа сірескен ырзалық бар.
Ақымақтың аты арып, тозар тоны,
Деген қазір мөрсіз-ақ бір заң ұққан.
Жомарттың, біл, жүйрігі арымайды,
Сараңдардың жабысы жарымайды.
Жөргегінде жұдырық түйіп жатса,
Бақ пен бақыт ғұмыры дарымайды.
Шыңғысхандар шыпылдап туысымен,
Қан шеңгелдеп жатыпты уысымен!
Апаң сипап арқаңды қасып жатыр,
Алақаның, аяулым, ашық жатры.
7
Қыз бала ма, ұл бала ма, бәрі бір,
Бала өмір – самал күлкі, жаны нұр.
Жердің шарын сол самалмен желпітіп,
Шомылдырса нұрыменен тағы бір!
Азаматтың сәбилігі есіне
Күндіз түсіп, түс боп енсе кешіне,
Қайтер еді?
Сен білмейсің, құлдығым,
Біз алдантсақ, күлімдейсің несіне?
Сол сойқанның бірі менмін, жасырман,
Жақсылыққа ынтық едім жасымнан.
Неше мәрте бұлттар тарап, жай түсті
Айдың күні аманында басымнан.
Неше мәрте ұзын үміт үзілді,
Неше мәрте жүрек суып, қызынды.
Бір базардан қайттық, білсең, үмітім,
Саған берсін қалған дәм мен тұзымды!
8
Жарығым, жүрегімде шымырлаған,
Сезімнің бітеу көзі көптен бергі
Ашылып кететіндей бүгін маған,
Көлдетіп топан судай көк пен жерді!
Жанымның жазығына қансыраған
Желкілдеп желек жайнап өсер ме екен?
Сағыныш байыз таппай сансыраған,
Жоқ әлде дауыл ұрып, өшер ме екен?
Қашанғы күтем бақыт бірегейін,
Тағдырдан асқан бақыт тілемейін.
Жүрегіңе нәп-нәзік жыр егейін,
Жадыраған жүзіңнен нұр өбейін,
Мұнан асқан тағдырды тілемейін!
9
Құлыным-ау, Жер-анаң не көрмеді,
Көгерді де кей-кейде көгермеді
Заңғар таулар кешегі шөгер ме еді,
Жұлдыз жасын түндерде төгер ме еді?!
Күні ертеңгі өзіңдей қолғанатын
Арқалап ап, айналып-толғанатын
Жер-анаңды, құлыным, мамаңдай көр,
Келе жатқан өмірді жорғалатып.
Жер-анаңдай асығып, арындамай,
Нағыз әйел сақтаса арын қалай,
Сен де сақта адамдық абыройды,
Алтын қазық ет-дағы сабыр, ойды.
10
Күннің нұры, ақын жыры, әнменен
Дүниені бұ адамзат сәндеген.
Бұ бақыттан мақұрым ғой пенделер
Оңай олжа опырып жеп дәндеген.
Я дұрыс па, я бұрыс па, о жағын
Өзің ойла, өз сөзіме қожамын.
Өтіріктен өлген жанды көргем жоқ,
Көрдім бірақ өтіріктің дозағын.
Атаң туған бұ ғаламат ғасырда,
Кез болды адам фашист иттей тасырға.
Қан қақсатты жұмақ жерді ойрандап,
Шараптай-ақ сімірді қан, жасын да!
Адамзатты обал бүгін азды деу,
Ертеңгі күн моласын да қазды деу.
Болашақтың ғұмыры үшін ал бүгін
Жұлдыздарда оқ ұстамақ баз біреу.
Күннің нұры, ақын жыры, әнменен
Дүниені бұ адамзат сәндеген.
Бұ бақыттан мақұрым ғой, жұлдызым,
Отпен, оқпен олжа тауып дәндеген.
Жерді аймалап, самал есті жып-жылы,
Естіледі жапырақтар сыбдыры!
Жүрегіңе жазып алшы, жарығым,
Саған серік – ақын жыры, күн нұры.
11
Шабытпенен шалқыдым түнделетіп,
Байқамаппын кеткенін күндер өтіп.
Қайтқан құстай жырларым қолдан ұшқан,
Қай биікті жүр екен мінбер етіп?
Жатыр ма әлде бір сайда жер бауырлап.
Алматыда жүргенде мен дауылдап.
Елуге кеп ес жидым, ой тоқтаттым,
Мойнымдағы міндетім енді ауырлап.
Серік еткем жаныма серілікті,
Сол мінезден баз біреу жерініпті.
Жақсылықтың шырағын жақтым десем,
Сығырайған шамдай-ақ көрініпті.
Құлыным-ау, өлшеусіз парыз деген,
Өтеу жолын жан сала бәрі іздеген.
Көз жұмғасын айтады адал елің,
Өтелді ме, жоқ па әлде қарыз деген!
Өтінерім, әзірге, ақ боташым
Жақсылардың ала бер ақ батасын!
12
Кеудесінде жаны бардың баршасын,
Тіршілікте қалай-қалай шаршасын,
Белгісіз бір бақ жұлдызы ұйқтатпай,
Шығарады күндіз-түні арсасын.
Маңдайымда жанбады ма, жанды ма,
Жол-жөнекей әлде адасып қалды ма?
Ойламаппын әлі күнге мен оны,
Іздемеппін табар жолды, таңды да!
Я бақытты, я бақытсыз жанмын ба,
Өз отыма өзім түсіп жандым ба?
Ұстай алмай ұштығын да қалдым ба?
Мен отырмын сан сұрақтың алдында!
Жарығым-ау, жалғыз ғана білерім:
Жыламайсың адал болса жүрегің!
13
Айсарашым, жан сезімің бұлақтай,
Жүрегімде жанған бейнең шарақтай.
Тағдырымның тар жолында, тұяғым,
Келе жатсың сүйеп мені құлатпай.
Түсіме енсең, оянамын құр аттай,
Жайқалады жан дүнием құрақтай.
Ұмытамын ұшпа бұлттай мұңды да,
Ұмтыламын саған алыс мұраттай.
Атаң байғұс арыстандай тордағы,
Жаным жаншып басқа түкен сор-бағы.
Жатсам, тұрсам тілейтінім жалғыз- ақ:
Аспаныңа ай жарқырап толғаны.
14
Жаңылысты атаң, балам, оңбастан,
Айрылғандай жақын-туыс, жолдастан.
Кері қарай қайрылғандай жол басқан,
Айрылғандай жарынан да қолдасқан.
Кім кінәлі? Бұйрығы ма құдайдың?!
Түніменен жауап таппай жылаймын.
Көрсетпегің көп екен-ау, жасаған,
Бір жақсылық бере гөрші, сұраймын.
Бірақ тыңдар жасағында сыңай жоқ,
Еш пендеде маған жылы шырай жоқ!
Сәби тілек, сәби жүрек сендегі,
Бір құтқарса, құтқарар сол құдай боп!
15
Гүл жайнатып жанымның сай-саласын,
Тағы да ендік түсіме, Айсарашым.
Оянғанда батырап ойым онға,
Ұстарымды білмеймін қай сағасын.
Жалғыз жұлдыз қараңғы аспанымда,
Жол нұсқаса жаңылыс басқанымда,
Ол – озіңнің жүрегің, ақ томпағым,
Үнсіз жанған маңгілік бас жағымда.
Тоқтамастан тосқауыл ағындарға,
Жүре берем кеудемде жаным барда.
Жиі-жиі түсімде жымишы сен,
Аспан толы ақ күнді сағынғында!
16
Сенің мамаң, менің қызым Айжаным,
Екеуіңмен тірі жүрсем бай жаным.
Кей-кейде атаң аңқияды өзінше,
Олқы жатыр осы менің қай жағым?!
«Етін жеп ап, сүйек берер немере» , –
Дегендерге атаң, сірә, көне ме?
Тұған күндей көтеріп ем басыма,
Сен де мені шығарарсың төбеге!
17
Жұпар иіс бұрқырамай сайран бақтан,
Жаз да өтті, Айсарашым, жайраң қаққан
Атаңның тіршілігі балықтайын
Теңіздің тереңінен қайранға атқан!
Жатқасын жанық ұшпай жер бауырлап,
Жүрсің –ай атаңды ойлап, сен де ауырлап.
Өмір - өрт, оған қарсы жалын айда,
Жан дүние қарсы ұмьылсын дел дауыдап!
18
Айсараш, тұған күнің – тойлы күнің,
Атаң да асқақ ұстап бойды бүгін,
Алыстан сүйіп, құшы, мауқын басып,
Күндегі күрсінүін қойды, күнім!
Елжіреп езілгендей емешігім,
Мен бұрын бор кеміктеу емес едім!
Сағыныш сарыптан да жаман екен,
Қиялмен түлкібұлаң кеңесемін!
Атаңды қинамайды келешегің,
Сенемін айдарыңнан жел ересін!
Мойылдай мөлдіріген қара көзің
Мөтілдеп, мұң ұялар демес едім!
Бесікте датушы едің қолыңды ашып,
Жорығам – жақсылыққа жолың да ашық!
Бірақ та бұлтағы көп тіршілікте
Мен-дағы төңкерілдім, сорым басып!
Атаңның жолы ауыр сәбиінен,
Болмады атаңда ата жаны иіген.
Әкесі жалмап атаң бір жасында,
Дәм татқан жетімдіктің әр үйінен!
Қайтейін, тұған күнің – тойлы күнде
Сандалдым, тоқтата алмай ойды мүлде.
Жарып-ақ жүрегімді берер едім,
Атаң да дастарқанға қойды гүл де!
19
Айсың ба, жұлдыссың ба, күнсіңбе сен?
Жердегі елден ерек гілсің бе сен?
Қиналды Жамбыл бабаң сияқты атаң,
Ал маған бәрі бір ғой кімсің десем!
Несіне, жаным, саған жағынамын,
Тіл қатпай, жүрегіме бағынамын.
Жер мен көк гүл мен нұрға малынып тұр,
Мен сені, бәрін көрмей, сағынамын!
Сен маған, жалғызым-ау, қолда барым,
Сен ғана тапқан ұзақ жолдағы әнім.
Ауғанда күн төбеден жетер жерге,
Адасып қалмайын деп толғанамын.
Күні сен, гүлі де сен мәңгіліктің,
Үніңнен жаңғырып күн, жаңғырып түн
Тұрған соң, тіршіліктің әуеніндей,
Өмірдің бір өзіңмен сәнді ғыппын!
Сен-дағы біраз іздеп, сағынарсың,
Ақыры тағдырыңа бағынарсың.
Армансыз жанға санап сен де мені,
Жұлдыздай жұбаныш қып тағынарсың.
Атыңнан айналайын, Айсарашым,
Жанымда мәңгі гүлдей жайқаласың.
Тілегім – қас қағым сәт тоқтамасын
Өмірмен бақыт үшін тайталасың,
Сен сонда Адаммын деп айта аласың!
20
Айсарашым, сайрап сендей құс бақта,
Шығып едім елдер шыққан ұшпаққа!
Ұшып жүрген көгерщінім көгімде,
Мен барғанша биіктен бер, ұстатпа!
Күз де келді, алқызыл нұр жүзіңдей,
Жан пернемеде әнші құстар тізілмей,
Жүрегімнің сағынышты жастары
Үзіледі мөлдіреген жүзімдей!
Айсарашым, аққу арман жаздағы
Қуанышпен қанаттарын жазбады.
Күз құстары кетеді алып алысқа,
Құлағыңда ұйып қалсын саздары.
Сау боп тұрсын, Айсарашым, құстарың,
Армандайық талмай шырқау ұшқанын.
Әлемдегі теңдесі жоқ шаттығым –
Аташым деп аймалап бір құшқаның!
21
Айсарашым, Бекен атам қайдалап
Жүрмісің сен, қарашығым ай қабақ?
Қалай ғана жұбатамын жаныңды,
Ұғынарсың, десем тағдыр тайғанақ?!
Онда неге жүрсің десең ай қарап,
Жауабым жоқ, үндемеген пайдалы-ақ!
Айсарашым, елуде де бұл атаң
Білмепті ғой қонатынын қайда бақ!
Тіршілікте тұралаған бақ қонбай, –
Тайқы маңдай емес едім нақ сондай!
Алтын құстай аспанымда шалқыған
Жырым бар-ды талмай ұшар жақ
солмай...
Сол аспанға сенің алтын жүрегің
Шұғыла қосқан, бақ құсым деп жүр едім.
Зеңгір аспан, байтақ дала, асқар тау –
Тіршілікте екеуіңмен тірі едім!
Айсарашым, үміт таңым алқызыл,
Жұмыр жерде жанға медеу жалғызым.
Бекен атаң бебеулетіп жүрегін,
Жырмен тербер сендей алтын таң
қызын!
22
Түсіме кірмегесін көптен бері,
Көңілімнің алай-дүлей көк пен жері!
Атаңды ұмыттың ба, Айсарашым,
Тұманды айдасайшы өкпемдегі!
Сағынып соңғы кезде жылап қалам,
Тентіреп кеткенім жоқ бірақ, балам!
Кеудемде қараңғылық үйірілсе,
Сен жаққан жүректегі шырақты алам.
Қиялмен құшағыма ап, сейіл құрам,
Жаным да, елпек ұшып, бейіл бұған.
Шымырлап тұнба сырым қайнағанда,
Оянған шабытыма зейін бұрам!
Түсіме кірмей жүрсің көптен бері,
Кеткен бе көшіп көңіл көк пен жері?!
Айсараш, сенің иіскеп өпкен жерің
Жайнар-ау қызғалдақ боп көктемдегі!
23
Айсарашым, ақ еркем.
Бүгін, міне, таңертең
Естігенде даусыңды,
Бар шыдамым таусылды!
Суретінді ап қолыма
Ботам, сенің жолыңда
Құрбан етем барымды,
Жүрегімді, жанымды,
Атаң әбден сағынды!
24
Айсарашым, төрттесің,
Төрт гүл саған берейін.
Домбыра атаң шерткесін,
Өнеріңді көрейін!
Достарың да шаттансын,
Ән шырқап, би билесін.
Атаң, әжең мақтанып,
Көңілдері күйленсін!
Туған күнді тойлаған
Мерекемен бара-бар,
Ән сап, билеп ойнаған
Қандай бақыт, балалар!
Айсарашым – төрттесің,
Кел, достарың торт жесін!
25
Кетерімде сүйе алмадым, құлыным,
Соны ойласам үзілердей жұлыным!
Қапалансам ауа жетпей демігіп,
Бір иіскесем ем болардай тұлымың.
Есінде мен қалармын да, қалмаспын,
Еміреніп бауырыма сан бастым.
Шілдем туып, шөлдеп көрген кезім ед,
Жөргегіңнен жан ұшыра жармастым.
Толқып, шалқып тыңдаған ем іңгәңді,
Қызығына тіршіліктің кім қанды?!
Кім құрайды мың жыл тұрып сынғанды,
Жасар дерсің бұл жалғанда кім мәңгі?!
Өмір быт-шыт, көңіл быт-шыт атанда,
Аяқталып қалғандай ма сапар да!
Айсарашым, көрісетін күн қайда?
Ай жүзіңді жүрекке орап жатам да...
Бұдан артық бақыт қайда жаһанда!
26
Күйікші күміс көмей аңырады
Ән сазы – «Атамекен-ай!»
Теңселдім, жан дүнием жамырады,
Дегендей: «Ата, Бекен-ай!»
Қайдасың, Айсарашым, жүрек қаным,
Үніңнен сенің айналдым!
Аймалап сүйіп сенен тірек табам,
Өзіңе ғана байландым!
Күйікші күміс көмей аңырайды
Аңсау ән – «Атамекен-ай!»
Дегендей сағынышым жамырайды
Айсарам: «Ата, Бекен-ай!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу