Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  489


Автор: Бекен Әбдіразақов

Басымда тұр тағдырдың айбалтасы...

Басымда тұр тағдырдың айбалтасы,
Жұтар екен қай күні қай қалтасы?!
Пенде едім ғой тәңірдің көмегімен
Кейде өрге өрмелер сайтан тасы!
Босағамда жүргенім он жеті күн,
Бүтінделіп болған жоқ кем-кетігім,
Ұзақ жолдың үстінде тағдырымның
Тапқандаймын бұзылған мен тетігін.
Енді мықтап өмірде түгелдерім:
Жолда қалған ер-тоқым, жүгендерін,
Сұлу торат секілді сонан кейін,
Байқап қана басу ғой жүрер жерін.
Оқыс өліп кетпедім Құлагердей,
Қинап жанды бас-көзсіз ұра бермей,
Бас қоймастан әуелі дүрмектерге
Жүрген жақсы – қалғанға мұрагердей.
Екі айналып дүниенің келмесіне,
Көз жеткен соң екі рет өлмесіңе,
Екіленбей ой бағып кіріп шықшы,
Тарих-шалдың жасаулы бөлмесіне!
Көтерулі тағдырдың айбалтасы,
Тарих-шалдың күтіп тұр қай қалтасы!
Байғұс қалпы өтем бе бұ дүниеден
Қозғалмаған ғұмыры сайдан тасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу