Өлеңдер ✍️
Серілер
Серілер – сауық-сайран сабаздары,
Сұлудың жүзі болып қағаздары,
Жүрекпен жазып соған күміс әнді,
Махаббат жалынынан тыныс алды.
Махаббат жалынынан тыныс алды,
Ойнатып алдаспандай құрыш әнді,
Дұшпанын дүлей даусы дірілдетті,
Күйеуден қалыңдыққа ұрын жетті.
Күйеуден қалыңдыққа ұрын жетті,
Күрсінтіп, күңірентіп дүйім көпті.
Құмарын ынтық жанмен қандыра алмай,
Арманның таћсық дәмі қалды балдай.
Арманның таңсық дәмі қалды балдай,
Шөліркеп, аңсап соны жанды қандай...
Сенделді сусын сұрап ән-бұлақтан,
Жолына құрса да жау қанды қақпан.
Жолына құрса да жау қанды қақпан,
Жүрегі көзін жазбай әнді баққан.
Жары да, жарығы да бір ән болып,
Шарқ ұрды дүние-көкте қыран болып.
Шарқ ұрды дүние-көкте қыран болып,
Құйылып, құйқылжыды мың ән болып.
Жердегі мұңлықтардың жүрегіне
Нұр шашып, шырақ жақты реңіне.
Нұр шашып, шырақ жақты реңіне,
Шаттықты оларсыз жұрт біледі ме?
Дүние-ай, сұлулыққа жанын кешкен
Серісіз өмір көркі кіреді ме?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter