Өлеңдер ✍️
Ана дерті
Бүк түсіп анам бір күні,
Ауырып қалды кенеттен.
Балалар қойып күлкіні,
Жүретін болдым мен еппен.
Дәрігер келді,
бірақ та,
Дәрменсіз болды ем таппай.
Осылай жатты бір апта
Назалы жүзбен нәр татпай.
– Шырағым, барам нашарлап,
Қайтайын елге мен барып.
Түсімнен шықпай қашаннан...
Барасың күнде сен де арып... –
Таңғалдым анам сөзіне,
«Бақұл» деп қайтпақ болды ма?
Қараймын барлап көзіне,
Ойлаймын ауыр жолды да.
Амалсыз көндім ырқына,
Асықты ма елге жеткелі,
Баратын қыздай жұртына,
Желпініп жаны кеткені?!
Зымырап өтті-ау бір айың,
Қайтатын емес анашым.
Беті аулақ тегі құдайым,
Ұмытты ма әлде баласын?!
Күпті боп күнде жүргенде,
Жарқ ете түсті бір күні.
Үйіміз толып бір демде,
Жамалды көңіл жыртығы.
Анамның ұқтым дертін мен,
(Жөндеп бір қойды ол қамзолды)
Жастық күн атты төркіннен
Қуат ап қайтқан жан болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter