Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2022
131
Арманым деп айналмаймын мен сені...
Арманым деп айналмаймын мен сені,
Жалғаны көп сөз ғой басар еңсені.
Бақытым деп бәйек болып тұрмаймын,
Жалтырақтап жаныңа тор құрмаймын.
Жұлдызым боп таңмен бірге көшпейсің,
Күндізім боп кеште сөніп, өшпейсің.
Жарым болып жаттың күнде қасымда,
Таңым болып аттың күнде басымда.
Түн жарымда тілім сыймай шөлдесем,
Жаяу барып келдің неше көлге сен.
Мың қой айдап келсем, күттің анам боп,
Жабыққанда, жадыраттың балам боп,
Жалтақтамай, жалбақтамай маған көп,
Жүрсің бірге дәл өзімдей адам боп.
Ғұмырымның әр есігін бірге ашқан,
Айналдым мен сен сияқты сырластан,
Айналдым мен сен сияқты құрдастан,
Айналдым мен сен сияқты мұндастан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter