Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  101


Автор: Бекен Әбдіразақов

Заман қайда барады, мен білмедім....

Заман қайда барады, мен білмедім,
Жүрісімен жүректі желдірмедім.
Көріп ем ғой бұрын да ел дүрмегін,
Кешіріңдер, жанымды сендірмедім!
Жетпіс жыл ғой, жолда әлі бұралаңдап,
Есті жиып келеміз құлағанда-ақ!
Көш түзеуші көбейіп кеткен жоқ па,
Көсемдікке көз жұмып сынаған бақ!
Құлап жатып, күлеміз сүрінгенге,
Бет қызылы кеткендей бүгінгі елде!
Қай мұратқа жетеді бетін жыртып,
Күн көрмесі аймандай түрілгенде?!
Ал айталық шындықты жасырмастан,
Біз едік шын жаңаша ғасырды ашқан.
Бастан кешкен жүк болар бес ғасырға
Айбатымыз тұр әлі басылмастан!
Қайта-қайта қашанғы жаңғырамыз,
Он жыл сайын ұрандап, санды ұрамыз.
Күзге қалған шәкірттей тарихты ашып,
Шимайлаумен әлемді таң қыламыз!
Заман қайда барады жеделдетіп,
Кеше бәрін қоймап па ек кемелдетіп?!
Жағалаудан асықпай барлап жатам,
Запы болғам, теңізге кемем кетіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу