Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  178


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жарқырап киім киіп, ат мінбедім...

Жарқырап киім киіп, ат мінбедім,
Құмарлық жымын қуып, қатты індедім.
Қойнына бір сұлудың қонып шығып,
Кеудемді қағып елге: «Шатпын!» - дедім.
Өткен соң көпірінен есегім де,
Ұмыт боп қала берді кешегім де!
Көңілді күйттеп жүріп бір-ақ күндік,
Түсіпті дос бағына кесегім де!
Көсіліп, кердең жаттым төсегімде,
Елемей жанашыр сөз, өсегін де.
Жүгенсіз шаба бердім, еркім біліп
Жазықсыз жазғырам ба, кешемін бе?!
Бас қайда, басқа қайда, қарамадым,
Өмірдің қара орманын араладым.
Бағдарсыз басым ауып жүргеннен соң,
Бетімді ел көргісіз жараладым!
Тағдырдың ден қоймадым сабағына,
Жұтқанды жұғым көрдім тамағыма.
Аңырып алыс-жақын бетін басты,
Жауықтым Қазынамдай қарағыма!
Жатырмын жағамды ұстап жарым түнде,
Қадірлі дейсің қалған жаным кімге?!
Жүрермін тіршілікте бірі болып
Аунатқан ақымақтың арын күлге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу