Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  131


Автор: Бекен Әбдіразақов

Басқа қонған бақыттың құсын атып...

Басқа қонған бақыттың құсын атып,
Бір бәлеге жаныңды ұшыратып,
Жер шұқылап қалғаның жаман екен,
Кеудендегі күйіңді пышыратып.
Бірі қонып, бірі ұшып, тұрақтамай,
Әзірейілше қинайды сұрақ талай.
Жаның – жетім, жүрегің – есалаң боп,
Сұм тағдырдың мезгілсіз жылатқаны-ай.
Жарықтан жанталасқан тарақандай
Қашты ұйқы, көз дегенің алақаңдай!
Көкте – бұлт, көңілде – сыр сең тоғысқан,
Көктем ғой, көрер ме еді дала қандай!
Алатау жоталары тарғылданып,
Өзенге сарқыраған қарғын барып,
Сағыныш селдерімен бетін шайған
Жайнады-ау дала жүзі балғынданып.
Қиялмен қашқан ұйқы түн жарымда
Шапқылап туған жердің қырларында,
Сілесі қатып келіп морт құлады
Жүректің желбесіктей ырғағында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу